Ресми

Жетістік формуласы

Көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, депутаттың өмірлік тыныс-тіршілігімен таныса отырып, мамандығын сол салаға бағыттағысы келетін қыз-жігіттер аз емес. Алайда, жастарға халық қалаулыларымен кездесіп, депутаттармен әңгімелесу бақыты бұйыра бермейді.

Жақында Қарағандыға арнайы іссапармен Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстанның Құрметті заңгері» Унзила Шапақ келді. Өзі білім алған қарашаңырақ – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің жастарымен жүздесті.

Депутат әсерлі кездесудегі алғашқы әңгімесін «Жетістіктің басты құпиясы – сапалы білім мен саналы тәрбиенің ұштасуын­да» деп бастады.

– Жарысқа түскен сәйгүлік секілді елден қалмайын, бір қадам болсын көш алдында жүрейін деген бойдағы күш адамды алға итермелейді. Қызмет жолында адам баласы өзіне сай бәсе­келестікке кезігеді. Өмірдің бір белесін бағындырған соң адамзат өз қолымен жасампаз дү­ниелерді жасай бастайды. Сол дүниесі өзінің құндылығына айналады. Адам баласы белгілі бір жетістікке жеткеннен кейін «өз ұлтыма, Отаныма қандай игі іс істедім?» деген сауалға жауап іздей бастайды, – дейді депутат.

Заңгер әр адам қоғамда өз орнын табатынын айтады. Алайда, жұмысыңды ұнатпасаң, нәтижеге жетемін деп ойлау – қате.

– Егер өзіне ұнамайтын іспен айналысса, ондай жұмыстың са­пасы болмайды және бар ынтасымен істемегендіктен адам қызмет бабында өспейді. Мамандығының шебері бола алмайды. Жұмысыңды ұнатпасаң, нәтижеге жетемін деу дұрыс емес. Оған қоса, алға қойған мақсатқа жету үшін үнемі жақсы ортаны таңдап, соған сай бейімделу керек. Жаныңда жүрген, өзің үлгі тұтатын тұлғалардың өткен жолымен жүріп, жақсысын алып үйренген жөн, – дейді ол.

Кездесуде оқуда әрі қызмет жолында өзіне үлгі тұтқан ұстазы – Нұрлан Дулатбековтің біліктілігі туралы айтып өтті.

– Көп істің бағытын, қызметтегі істің тетігін Нұрлан Орынбасарұлынан үйрендім. Шәкірттің қандай адам болып қалыптасуы тікелей ұстазына байланысты екеніне көзім жетті. Білікті ұстаздан тәлім алып, ізгі ортада жүрдім, – дейді Унзила Шапақ.

Кездесуде Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков шә­кіртіне алғысын білдіріп, отыз жыл бұрын жазған курстық жұмысын табыстады. Сондай-ақ, Унзила Шапаққызына академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.

– Унзиланың талпынысы жо­ғары, білімге құштар болды. Диплом жұмысына жетекшілік ету мақсатында заңғар тұлға, заң ғылымының докторы, профессор Салық Зиманұлына өтініш жасадық. Ол кісі жасым келді, жұмыстан демаламын деген қарсылық білдірді.

«Унзила Шапақ Моңғол ті­лін­де Шыңғысханды жатқа айтады» дедім. Салық Зиманұлы қазақтың дәстүрлі құқықтық мәдениетіне қатысты дүниелерді жақсы көретін. Сөйтіп, Унзиланың ғылыми жетекшісі Салық Зиманұлы болды. Ол кезде ғылыми жетекшілердің студентке қоя­тын талабы – зор ізденіс. Осылайша шәкірттер үмітімізді ақтады, – деп бөлісті естелігінде Нұрлан Дулатбеков.

Унзила Шапаққызымен кездесуде жастар көкейіндегі сауалдарын қойды. Білікті заңгер өзіндік жетістіктің формуласымен бөлісіп, Қарағандыға жол түс­кенде жастарға дәріс оқып тұруға уәде берді.

Бүгінгі таңда Унзила ханым 70-тен астам ғылыми мақаланың авторы, құқық теориясынан 10 типтік бағдарлама бойынша авторлық ұжым мүшесі, сондай-ақ, ғылыми заң саласында беделді ғалым.

1973 жылы Ұланбатыр ма­ңындағы Налайхы қалашығында дүниеге келген ол Отанына оралған соң Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін үздік тәмамдады. Кейіннен Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасында оқытушылық қызметке кірісті.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button