Саран

Жерлестеріміз жолдама алды

   Жуырда Қарағанды қаласының Н.Нұрмақов атындағы мектеп-лицейінде «Дарынды балаларға-талантты ұстаз» атты XII республикалық педагогикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті.

Дәстүрлі олимпиаданың басты мақсаты – жас ұстаздардың шығармашылық әлеуетін шыңдап, өзін-өзі дамыту үшін жағдай жасау және білім беру жүйесін жетілдірудегі жас мұғалімдердің белсенді кәсіби көзқарасын қалыптастыру. Педагогикалық олимпиада ұстаздың жеке шығармашылық кеңістігін шоғырландыруға, зерттеушілік-ізденушілік бағытын таңдауға, ұстаз ретінде өз ойын білдіру тәсілдерін және жеке шығармашылық жолын табуға мүмкіндік береді.

Облысымыздың гуманитарлық колледж ұстаздары бақ сынасқан олимпиадаға Саран қаласының Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжінің оқытушылары мен студенттерінен құралған «Ұлағат» тобы барған еді. Конкурс тапсырмаларын орындау барысында студенттер болашақ жас маман ретінде ұстаз болуға толық дайын екендіктерін өз өнерлері мен білімдерін көрсете отырып дәлелдеді.

Олимпиаданың «Бала жүрегіне жол табу» атты алғашқы өзін-өзі таныстыру кезеңінде «Ұлағат» тобының мүшелері 95 жылдық тарихы бар киелі шаңырақ – Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжінің тарихы мен жеткен жетістіктерін, озық педагогикалық идеялардың жаңа үлгідегі әдіс-тәсілдерін әйгіледі.

«Педагогикалық ахуалдың талдамасы» деп аталатын капитандар сайысында «Ұлағат» командасының капитаны педагогикалық жағдаяттың шешу жолын ұсынып, кәсіби іскерлігін көрсетті.

Ұжымдық шығармашылық қызметті тантытатын «Арманда, іске асыр, жас ұстаз!» атты олимпиаданың үшінші кезеңінде де топ мүшелері жерге қарап қалған жоқ. Қатысушылар қазіргі білім беру жүйесін ақпараттық технологияларды қолдана отырып, жаңа сапалық деңгейге көтеру – отандық педагогика алдындағы басты міндет екенін бірлескен ұжымдық шығармашылық жұмыс арқылы көрсетті.

Нәтижесінде, «Ұлағат» тобы жүлделі II орынды иеленіп, Алматы қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды. Жеңімпаздар облыстың білім басқармасының Алғыс хатымен, дипломымен марапаттапыл, студенттерге сертификат берілді.

Г.САТИЕВА.

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button