Жерлестер ықыласы
Қарағанды қаласының автосүйерлер клубтары жол полициясы қызметкерлерімен бірлесіп қаламызды 85 жылдық мерейтойымен құттықтады. Ерекше флешмобқа 100-ден астам автокөлік, оның ішінде, 12 жол полициясы көлігі жұмылдырылды.
Акцияны ұйымдастыру идеясы біраз уақыт бұрын пайда болған.
– Қаламыздың түр-лі алаңдарында біз автокөліктердің көмегімен «Біз сені сүйеміз» деген жазуды құрып, жоғарыдан түсіріп алдық. Жазуларды қаламыздың танымал жерлерінде тізбектедік. «Сүйеміз» деген сөзді орталық мешіт алдындағы алаңда құрастырдық, «Біз» сөзін «Чайка» қонақ үйінің маңында, себебі, ол қаламыздың ескерткіштерінің бірі деуге болады. Ал, «Сені» сөзін GGG спорт кешенінің алдында құрастырдық. Біз үшін ол ерекше жер. Себебі, атақты жерлесіміздің есімі әлемге танымал, – дейді автофлешмоб ұйымдастырушыларының бірі Ольга Ершова.
Шараға кез келген ниет білдіруші алдын ала тіркеліп, қатыса алды. Дайындық жұмыстары 2 ай уақытты қажет етті. Автомобильдер көлемі және түстері бойынша іріктелді. Жүрек пішінін жасау үшін 12 қызыл көлік таңдалды. Ал, «85» санын құрастыруға жол полициясының қызметтік көліктері қатысты.
Өз тілшімізден