Елдік таңдау ертеңді еңселендіреді
Жаңа Конституцияның күшіне енуі еліміздің қоғамдық-саяси дамуындағы маңызды белестердің біріне айналды. Мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған конституциялық өзгерістер азаматтардың ел басқару үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғам мен мемлекеттік институттар арасындағы байланысты нығайтуға жаңа негіз қалыптастырды. Ендігі кезекте осы тарихи өзгерістер аясында Құрылтай депутаттарын сайлау өтеді. Бұл – жаңарған саяси кезеңдегі азаматтардың өз таңдауын білдіретін, ел болашағын қалыптастыруға қатысатын маңызды қоғамдық-саяси оқиға.

Қоғам дамуының әр кезеңінде саяси өзгерістер елдің алдағы бағытын айқындайтын маңызды шешімдермен сабақтас келеді. Қазақстандағы конституциялық жаңғырулар да азаматтардың рөлін арттыруға, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін күшейтуге және халықтың пікірін ескеретін жаңа қоғамдық қатынастарды қалыптастыруға бағытталды.
Жаңа Конституцияның күшіне енуі осы өзгерістердің құқықтық негізін бекітті. Ендігі міндет – жаңарған қағидаттарды қоғамдық өмірде жүзеге асыру. Осы тұрғыдан алғанда Құрылтай депутаттарын сайлау – жаңа саяси кезеңнің маңызды қадамының бірі.
Құрылтай институтының басты ерекшелігі – қоғамның әртүрлі топтарының пікірін біріктіріп, азаматтардың ұсыныстарын ортақ талқылауға мүмкіндік беруінде. Бұл институт халық пен мемлекет арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдық бастамалардың естілуіне жол ашады.
Құрылтай депутаттары сайлауына 7 саяси партия қатысады. Партиялар сайлаушылар назарына өздерінің сайлауалды бағдарламаларын ұсынып, ел дамуының маңызды бағыттары бойынша өз ұстанымдарын таныстырады.
Саяси партиялардың үгіт-насихат жұмыстары 23 шілде сағат 18:00-де басталып, 21 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында партиялар азаматтармен кездесулер өткізіп, өз бағдарламаларын түсіндіреді.
Ал, 22 тамыз – тыныштық күні. Бұл күні сайлауалды үгіт жүргізуге жол берілмейді. Құрылтай депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамыз күні өтеді. Дауыс беру сайлау учаскелерінде сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі.
Сайлауға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, дауыс беру күні 18 жасқа толған және сайлаушылар тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркеновтің айтуынша, сайлаудың сапалы өтуі ең алдымен дайындық жұмыстарының жүйелілігіне байланысты.
– Сайлау процесінің әр кезеңі заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы тиіс. Қазір барлық бағыт бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Басты мақсат – азаматтардың өз таңдауын еркін әрі қолайлы жағдайда жүзеге асыруына мүмкіндік жасау, – дейді Қайрат Нұркенов.
Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, Құрылтай сайлауын байқауға ниет білдірген 11 өңірден 18 қоғамдық ұйым мен үкіметтік емес ұйым аккредиттеуден өткен. Бұл көрсеткіш азаматтық қоғам өкілдерінің сайлау процесіне қатысу белсенділігінің артып келе жатқанын аңғартады.
Сонымен қатар, дауыс беру күні сайлау процесінің барысын 6 мыңнан астам адам бақылайтын болады. Олардың қатарында сайлау комиссияларының мүшелері мен қоғамдық байқаушылар бар.
– Қазіргі уақытта байқаушыларды оқыту жұмыстары басталды. Оқу барысында сайлау заңнамасының талап
тары мен байқаушылардың құқықтары және міндеттері түсіндірілуде. Құрылтай депутаттарын сайлау күні біздің байқаушылар өңірдегі сайлау учаскелерінде қоғамдық бақылау жүргізеді. Бұл сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етугеықпал етеді, – дейді Қарағанды облыстық Азаматтық альянсының төрағасы, «Дауыс» байқаушылар коалициясы облыстық филиалының төрағасы Дмитрий Полтаренко
Қазір сайлауды ұйымдастыру дауыс беру процесімен ғана шектелмейді. Азаматтарды толық әрі уақытылы ақпаратпен қамтамасыз ету де маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта облыстық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурсында «Құрылтай – 2026» арнайы бөлімі жұмыс істейді.
Аталған бөлімде азаматтар үшін қажетті ақпараттар орналастырылған. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы, сайлау заңнамасы, күнтізбелік жоспар, сайлау учаскелерінің орналасқан жерлері мен шекаралары, сайлау комиссияларының құрамы және басқа да маңызды деректермен қамтылған.
Құрылтай депутаттарын сайлау – Қазақстанның жаңа саяси кезеңіндегі маңызды тарихи оқиғаның бірі. Жаңа Конституция негізінде жүзеге асырылып жатқан реформалар азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, халық пен мемлекеттік институттар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Қоғамдық-саяси жаңғыру тек заңнамалық өзгерістермен ғана өлшенбейді. Оның нақты нәтижесі азаматтардың мемлекеттік маңызы бар шешімдерге қатысу мүмкіндігімен, қоғамдық пікірдің ескерілуімен және саяси институттардың тиімді жұмысымен айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда Құрылтай депутаттарын сайлау жаңа Конституцияда айқындалған қағидаттардың практикалық жалғасы болып, қоғамдық диалог мәдениетін одан әрі дамытуға бағытталған маңызды кезеңдердің бірі саналады.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



