Жерлестер Азия чемпионатынан олжамен оралды
Оңтүстік Кореяның Чинджу қаласында ауыр атлетикадан ересектер арасында жекелеген жаттығулардан Азия чемпионаты өтті. Аталмыш чемпионаттан жерлестеріміз олжамен оралды.
Құрлықтық біріншілікке 31 елден кіл мықты спортшылар қатысқан. Ұлттық құрама сапында болған спортшылардың қатарында қарағандылық Артем Антропов, Айша Омарова мен Любовь Ковальчук та болды. Олар «Облыстық кешенді БЖСМ» тәрбиеленушілері әрі халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері. Және бәрі де Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Иван Снегуровтың шәкірттері.
109 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Артем Антропов жұлқа көтеруде 227 келіні бағындырып, ІІ орын иеленді. Ал, қоссайыс қорытындысы бойынша (жұлқа көтеруден 227 келі + серпе көтеруден 172 келі) Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
87 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Айша Омарова жұлқа көтеруден 127 келіні көтеріп, ІІІ орынға ие болды. Қоссайыс қорытындысы бойынша 227 келіні бағындырып, IV орынға табан тіреді. Любовь Ковальчук та сәтті өнер көрсетіп, өз салмағында қос сайыс қорытындысымен IV орынға тұрақтады.
Айта кетейік, ауыр атлетикадан Азия чемпионаты 2024 жылғы Париждегі Олимпиада ойындары қарсаңындағы іріктеу турнирі. Ал, Артем Антроповтың алдағы Олимпиада ойындарына жолдама алу мүмкіндігі артты.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz