Жерлесіміз – жеңімпаз

Қарағанды «Дарын» ММИ-ның 9-сынып оқушысы Қазақстан-Британ техникалық университетінің білім грантына ие болды. Qazaqstan Ұлттық арнасының Daryn зияткерлік телевизиялық олимпиадасында Нұрсұлтан Таңат 190 балл жинады.

Олимпиадаға бүкіл Қазақстаннан 310 тоғызыншы сынып оқушылары қатысты, олардың 132-сі іріктеу кезеңінен өтті. Әр кезеңге 12 үміткер қатысты. Зияткерлік ойын 4 турмен өтті. Жоба Алаш қайраткерлерінің жұмыстарын, қазақстандық ғылым, спорт, өнер, медицина жетістіктерін, әдебиет, мәдениет туындыларын, тарихи оқиғаларды, ауыл шаруашылық, жасанды интеллект және т. б. салаларды қамтыды.

«Алдымен біз онлайн-іріктеу, содан кейін олимпиадаға қатысатын оқушыларды анықтау үшін арнайы конкурс өткіздік. Содан кейін балалар Daryn Online бағдарламасының бас серіктесі Айбек Қуатбай өткізген шешендік өнер курсынан өтті. Сонымен қатар, психологтар балалармен жұмыс істеп, оларды түсірілімге дайындады», – деді жоба ұйымдастырушылары.

– Телевизиялық олимпиадаға қатысу қиын болған жоқ, себебі, өзімнің барлық білімімді пайдаландым және сұрақтарға жауап беруден тартынбадым. Бірақ кейде мен асығып, теріс жауаптар бердім. Барлық қарсыластар мықты болды. Финалда 12 қатысушы бақ сынастық. Мен жеңімпаз болғаныма қуаныштымын. Қазақстан-Британ техникалық университетінің гранты бойынша менеджмент және басқару факультетіне түсемін. Ірі компанияны басқаруды армандаймын, – деп болашаққа жоспарларымен бөлісті Нұрсұлтан Таңат.

Өз тілшімізден.