Жерлес жаңа есімдер
Олар тәуелсіздік тарландары болуы да мүмкін, болашақта. Әрине, соған жазсын. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тәуелсіздік жылдарында қолға алынған атаулы жобалардың бірі екендігі жасырын емес, әсте. Биыл республика көлемінде жобаға 1600 үміткер қатысса, солардың арасынан 32-сі жеңімпаз атанған. Атаулы 32-нің 6-сы қарағандылық жерлестер екен. Республикалық жобада топ жарған алтауды кеше Қарағанды облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай ЖҰМАҒҰЛ «Достық» үйінде қабылдап, елдің алғысын жеткізіп, дипломдар мен сыйлықтар табыстады.
«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады?». Атаулы жобада алға шыққан жерлестеріміз әр салада өздерін дәлелдеп, жаңа Қазақстанның келбетін қалыптастыруда аянбай тер төгіп жүрген елдің ұл-қыздары десе жарасады. Үздіктерге берген жобаның марапаты бар да, елдің жасаған құрметі бір бөлек. Оның үстіне жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан шығып отырса. ««Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміздің дамуына әр азамат шама-шарқынша өз үлесін қосып жатыр. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деген. Маңдай терімен, адал еңбегімен ел дамуына үлес қосқан біздің мақтаныштарымыз, үлгі тұтар жастарымыз қазір ортамызда отыр» деп бастады сөзінің ләмін Айтбай Ботпайұлы. Қарағанды облысынан жеңімпаз танылған 6 үздіктің әрқайсына тоқталып, жеткен жетістіктері мен еңбектерін атап, ілтипат білдіріп өтті. Облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов та жылы лебізін аяп қалмады. Сонымен, жерлес жеңімпаздарды жеке-жеке таныстырайық:
ДАРЫН ӘБІЛЖАНОВ атты азамат 2020 жылдың маусымынан бастап, облыстық клиникалық ауруханада инфекциялық аурухананың қызметкері болып жұмыс істеген. Әр 14 күндік жұмыстың соңында еріктілікпен айналысты. Қазір ол УЗКО инфекциялық ауруханаларында медициналық қызметкерлер жинағының үйлестірушісі.
ДИЛЬ ДАНИЕЛЬ – Костенко атындағы шахтада жер асты тау-кен жұмысшысы. Спорттық акробатикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
ПАК ВИКТОРИЯ – 2014 жылдың соңынан бері қазақстандық бренд жасаумен айналысады. 2019 жылы бизнестің барлық түрлеріне киім мен тоқыма тігу бағытында жұмыс істеп келеді.
ДИНА ЗАИТОВА – 2011 жылы А.Чеховтың «Шағала» комедиясындағы Нина Заречная рөлі үшін «Жыл актрисасы» номинациясы бойынша Қарағанды облысының мәдениет басқармасының сыйлығын иеленді. 2012 жылы Қарағанды қаласында өткен «Театр балалар әлемінде» атты аймақтық фестивальда «Әйел рөлін үздік сомдағаны үшін» номинациясының жеңімпазы. 2015 жылы облыс әкімінің «жыл актрисасы» номинациясының иегері.
АРЫСТАН ӘБІЛДИН – танымал әртіс. Jah Khalib каверлер байқауының жеңімпазы. Танымал ресейлік Black Star және Sony Music лейбл ұсыныстарының иесі. Қазір музыкант Zivert, Feduk, Иван Дорнды насихаттаумен айналысатын әйгілі «ПМИ» музыкалық лейблмен келісімшартқа отырды. Оның кавері әлемдік Shazam тізімінде бар.
АРДАНА БОТАЙ – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің тұңғыш әскери ұшқыш қызы. Ардана бала кезінен әскери ұшқыш болуды армандаған. Бүгінде ол авиациялық эскадрильядағы жойғыштың аға ұшқышы. Қазіргі таңда «Су-ЗОС» жаңа буын жойғышымен ұшып жүр. Ұшқыш қызымыз оқу-жаттығуға арналған әскери Л-39 ұшағымен алғаш рет 2018 жылдың сәуір айында ұшты.
Жәнібек ӘЛИМАН.