Жергілікті өнім – қолдауға ие
Аймақта 150 өңдеуші кәсіпорын бар. Яғни, олар сүт, ет, астық және тағы да басқа өнімдерді өңдеумен айналысады. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев онлайн режимде өткен кеңесте дүкен сөрелерінде жергілікті өнімдердің көп сатылу қажеттігін баса айтты. Олар бағасы жағынан тиімді әрі қолжетімді жерге орналастыру керектігін тапсырды.
Жергілікті өндірушілердің өнімдерін қолдап, облыс тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз ету – аймақтағы басты міндеттердің бірі. Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская өңірде жергілікті өнімдер супермаркет желілерінде саудаланып жатқанын атап өтті.
– Өңірде бес атау бойынша 100% жергілікті өнімдеріміз сатылып жатыр. Бұл қатарда, бірінші сұрыпты бидай ұны, макарон өнімдері, картоп, тауық жұмыртқасы, сиыр еті бар. Сонымен қатар, 90,7% көрсеткіште сегіз атау бойынша өнімдеріміз саудалануды. Атап айтсақ, бірінші сұрыпты нан, құс еті, ашытылған сүт өнімдері, сүзбе, май, сәбіз, қырыққабат және пияз бар. Аймақтағы супермаркет желілеріне талдау жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Нәтижесіне келсек, супермаркет желісінің бәрінде жергілікті жерден шыққан нан және ет өнімдері сатылып жатыр. Және жергілікті жерден шыққан тауарларды сату үшін әлеуметтік сөрелер ашылған. Өнімдерде арнайы логотиптер бар, – деді басқарма басшысы.
Алайда, бір «әттеге-ай» дейтін тұстары да бар. Өндірісті жаңғырту, жоғары білікті мамандардың жетіспеушілігі, одан қала берді логистика мен тасымалдау мәселесі бар. Осы мақсатта өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жергілікті өнімдерді сату жолдарын жеңілдету қажеттігін жеткізді.
– Қазақстандық өндірушілердің тауарлары неғұрлым қолжетімді және танымал болуы үшін логистика мен маркетингті жақсарту маңызды. Өндірісті субсидиялау және сату жағдайларын жақсарту қажет. Бұл салауатты бәсекелестік құруға және тұтынушылар үшін тауарлардың сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді .
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz