Жаңалықтар

Жемқорлыққа жол жоқ

    Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет екенін айтып өткен болатын. Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі жоғары мемлекеттердің тәжірибесіне тоқталып өткен жөн болар.

БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы – 2003 жылғы 31 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 58-інші сессиясының пленарлық отырысында қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы алғаш халықаралық-құқықтық құжат болып табылады. Бұл құжат 2005 жылы 14 желтоқсанда күшіне енді. Конвенция –  8 тараудан, 71 баптан тұрады.

Аталған конвенция Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 мамырдағы № 31-IV «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ конвенциясын ратификациялау туралы» Заңымен ратификацияланған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және дүние жүзі бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейін зерделеу жөніндегі үкіметтік емес халықаралық ұйым – «Transparency International». 1993 жылы «Transparency International» халықаралық қозғалысы құрылды. Оның негізін қалаушы Берлиндегі бүкіләлемдік Банктің бұрынғы төрағасы – Петр Айген. Қазіргі кезде осы ұйымның әлемнің 100-ге жуық елдерінде бөлімшелері қызмет етеді.

Қазақстандағы «Transparency International» ұлттық бөлімшесі 1999 жылғы 16 қыркүйекте құрылған болатын. Сөйтіп, «Transparency International Қазақстан» – қоғамдық қор ретінде тіркелді.

Дүниежүзілік валюта қорының таратушы директоры Кристин Лагардтың айтуынша «Мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық жыл сайын пара алу түрінде әлемдік экономикадан Жалпы ішкі өнімнің 2% немесе 1,5-2 трлн. АҚШ долары шамасында шығын келтіреді». Мысалы, Қазақстан Республикасының Жалпы ішкі өнімінің 2% – 1,25 трлн. теңге немесе 3,8 млрд. АҚШ доларын құрайды.

Финляндия және Сингапур елдерін салыстыра қарасақ, алғашқысында жыл сайын парақорлық айыптау бойынша 3-4 іс қаралады және пара беру де осыған шамалас. Парақорлыққа қатысты істердің мейлінше көбейген уақыты – соғыстан кейінгі және 1980 жылдар. Яғни, бұл – экономикалық дағдарыс уақыты.

Бүгінде Сингапур сыбайлас жемқорлыққа қатысты «таза» елдердің қатарына жатады. Сингапур билігі сыбайлас жемқорлықпен күресудің тиімді құқықтық механизімін құрды және оның нәтижелері де бар. Сыбайлас жемқорлықпен күрес үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұл туралы 1952 жылы құрылған, сыбайлас жемқорлықпен күресу жөніндегі тұрақты қызмет етуші арнайы орган – Сыбайлас жемқорлық жағдайларын тергеу бюросы айғақтайды.

Қорыта айтар болсақ, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2017 жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында аталған тапсырмалар мен міндеттердің маңызы ерекше. Жүктелген тапсырмалар мен міндеттерді жұрт болып, жұмылып атқаруымыз керек.

Ілияс ИСКАКОВ,

ҚР Ішкі істер министрлігі Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, полиция капитаны.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button