Жаңалықтар

Желілік полиция: жедел қызмет майталмандары

Біз небір мамандықтың барын білеміз. Алайда, сол мамандықтың қиыншылығы мен мәселесінен бейхабармыз. Сырт көзге оңай көрінер. Бірақ, өзіндік қиындықтарын көзбен көріп, сезінбейінше, маман иесінің рөлін сомдамайынша, кесіп айту – дұрыс емес. Мәселен, вокзал мен әуежайдағы қоғамдық тәртіпке, қауіпсіздікке жауап беретін желілік полиция қызметкерлері жайында хабарыңыз бар ма? Ал, жолаушылар қауіпсіздігіне жауап беретін – осы мамандар. Қылмыстың алдын алып, тыныштықты күзетіп отырған жандардың еңбегін көп біле бермейді. Осы мақсатта Ішкі істер министрлігі, Көліктегі полиция департаментіне қарасты Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімі, патрульдік полиция взводының бір күнімен таныстық. Былай айтқанда, Қарағанды жолаушылар вокзалындағы патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге форма кидік.

Полиция пунктіндегі бейнебақылау камераларын қарау сәті

Бәрі саптан басталады

Жұмыс саптан басталады. Оған дейін межелі жерге ертерек барып, патрульдік полиция взводының командирі, полиция аға лейтенанты Алтынхан Қанжановтың дайындап қойған қызметтік киімін кидік. Қара көк түсті форма көздің жауын алады екен. Сыртқы күртешесі, бас киімі де шақ келе қалды. Былтыр қызметтік киім жаңа үлгіде енгізілген болатын. Жыл басынан бері өңірдегі барлық қызметкерлерге жаппай таратылыпты.

Қызметкерлердің қалтасында болуы керек басты құжат – қызметтік куә­лік. Екіншісі, полиция белгісі. Одан бөлек, қызметкердің және жолаушының құқықтары жазылған арнайы кітапшаны да қоса алып жүруге міндетті. Сонымен қатар, әр ауысым жетекшісінің кеудесіне қауіпсіздік әрі айғақ үшін бейнеқондырғы қойылған. Бізде жоғарыда айтылған куәлік пен белгі болмағандықтан, қызметкердің қалта кітабы мен арнайы берген қаруларын белге тартып, жұмыс күніміздің басталғанын күттік.

Өңірде Қарағанды-Сұрыптау станциясына қарасты 8 желілік бөлімше бар. Біріншісі Қарағандыдағы «Saryarqa» әуежайында орналасқан. Одан кейінгісі Қарағанды мен Балқаштағы жолаушылар вокзалында, Сарыбел, Жарық, Ақадыр, Мойынты және Саяқ станциясында. Олар өз аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайды.

Бүгінгі саптық жиынға Қарағанды­-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Бағлан Жарылқасынұлы арнайы қатысты. Қызметкерлердің хал-жағдайын сұрап, қызметтік куәлікті тексерді.

– Басты мақсат – қылмыстың алдын алу әрі жолаушылардың құқығын қорғау. Осы мақсатта жолаушының жеке құжатын және сөмкесін тексеруге заң жүзінде толық құқығымыз бар. Егер қандай да бір заң бұзушылық анықталған жағдайда хаттама толтырылуы қажет. Соған сәйкес ҚР Әкімшілік кодексінің тиісті тармағы бойынша шара қолданылады. Осындағы әр қызметкер өз құқығын әрі міндетін жақсы біледі. Халықпен де тіл табыса алады, – деді Бағлан Жарылқасынұлы.

Желілік полиция қызметкерлері мұнда үш ауысыммен қызмет етеді. Бір ауысымда 7-8 адамнан бекітілген. Әрқайсы түнгі және күндізгі ауысыммен тәулік бойы қызметтік киімде жүреді. Жұмыс уақыты аяқталғанда келесі шығатын ауысым мүшелерімен сапқа тұрып, кезекті өткізеді. Біз де түнгі ауысымды үйіне жіберіп, кезекті қабылдап алдық.

Бір ғана вокзалдың ішінде қарауыл бекеті, әскери күзет, теміржол күзеті және вокзал басшылығы отырады. Олар өзара бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста. Егер жолаушылар қандай да бір ереже бұзған жағдайда бірден патрульдік полиция қыз­меткерлерін шақырады. Әрі қарай полиция қызметкерлері істі өздері соңына дейін жеткізеді. Өткен айдың өзінде жолаушылар тарапынан түрлі құқықбұзушылық анықталып, 15 хаттама толтырылған.

Жолаушылардың сөмкесін арнайы аппаратпен тексеру барысы

Қарағанды – тоғыз жолдың торабы

Патрульдік полиция взводының командирі, полиция аға лейтенанты Алтынхан Кенжановтың пәрменімен қызметімізге кірісіп кеттік. Біздің бірінші жұмыс – келетін пойыз жайында ақпарат алып, танысып шығу. Қарағанды жолаушылар вокзалы 24 сағаттың ішінде 20-24 пойыз­ды күтіп алып, шығарып салады екен. Күтіп алған пойызыңды арнайы берілген құжатқа тіркеуің қажет. Пойыз нөмірі, вагон саны және вагон штабы жетекшісінің аты-жөні толық қағазға түсуі керек.

Сағат 9-дан аса «Астана-Семей» бағытындағы №122 пойызы келіп тоқтады. Желілік полиция бөлімі, патрульдік полиция взводының полиция сержанты Данияр Райымбековпен бірге пойызды бетке алдық. Әр вагонда штаб жетекшілері отырады. Олардың қолында барлық жолаушының дерегі бар. Сол деректерге көз жүгіртіп, вагон ішін бақылап қайттық. Деректермен танысып, жолаушылардың қауіпсіздігіне көз жеткіздік. Соңында вагон жетекшісіне бардық, тәртіп бұзған жолау­шылардың бар-жоғын біліп, шағымның жоқтығын растату үшін құжатқа қолын қойдырдық.

Пойыз жүріп кеткенше, жолаушылардың қауіпсіздігі үшін осы жерде болуға тура келді. Пойызды жіберген соң келесі бағытта жүретін пойыз жолаушыларын вокзалдың кіреберісінен күтіп алдық. Жолаушылар сөмкесін арнайы аппараттан өткізіп, компьютер арқылы ішіндегі заттарын тексердік. Біздің міндет – адамға зияны тиетін түрлі суық қару мен құралдарды ішке кіргізбеу.

Келген пойыздарды құжатқа тіркеу сәтінен

Бейнебақылау жүйесі адым аштырмайды

Қарауыл кеденінде үш ауысым. Әр ауысымда 21 адамнан болса, оның 16-сы ауысымға түседі. Ал, бұл мекемеге тиесілі 185 бейнебақылау камерасы бар. Күн-түн демей вокзалдың іші мен сыртын үзіліссіз түсіріп тұр.

– Біздің басты мақсат – жолаушылардың қауіпсіздігі. Жолаушылар вокзалына кіріп­шыққан әр адамның қол сөмкесіне дейін тексеру – бізге міндет. Жолаушы сөмкесін арнайы аппарат арқылы өткізіп, ішіндегі заттарды компьютер құрылғысы арқылы қараймыз. Егер сөмкенің ішінде тыйым салынған немесе күдік тудыратын басқа да дүниелер болса, компьютер көрсетеді. Біз патрульдік полиция қызметкерлерін шақырып, акт толтырамыз. Бүгінгі түсірілген кадрлар компьютер жадында екі апта сақталады, – деді Қарауыл кедені бөлімінің бірінші ауысым басшысы Ербол Тайжанов.

Одан бөлек, жаңа вокзал ашылғалы полиция пунктіне қосымша тағы 185 бейнебақылау жүйесі орнатылған. Бұл камералар да вокзалдың сырты мен ішіндегі әр адамның қимыл-қозғалысын көз жазбай аңдып тұр.

– Бізге осы камералар арқылы жұмыс істеген әлдеқайда оңай. Жолаушылардың жеке мүлкін, жүктерін ұрлау фактілері тіркелгенде, сол күні сақталған жазбаларды уақытымен еш қиындықсыз тауып алуға болады. Өткенде бір жолаушы ұялы телефонының жоғалғанын айтып, бекетке шағымданып келді. Жолаушының айтуынша, телефонды тоқ көзіне қойған. Енді бір қарағанда әлгі жерде өзінің телефонының жоқтығын байқапты. Соңында біз жолаушы отырған жердегі камераларды қарап, телефонды ұрлаған адамды анықтадық. Кейін ол адам вокзалдан шыға, такси тоқтатып мінгені камераға анық түскен. Оны базардың ішінен тауып алдық. Қалтасында телефон сол қалпы қуаттағышымен жүр. Сатып үлгермеген. Осылайша бір сағаттың ішінде қылмысты әшкереледік, – деді Алтынхан Кенжанов.

Пойызда спирттік ішімдік ішіп, көп­шіліктің мазасын алатын жолаушылар да жоқ емес. Мұндай жағдайда полиция қыз­меткерлері қызметтік көліктің көмегімен ішімдік ішіп немесе басқа да жағдаймен жолаушылардың тыныштығын бұзғандарды тиісті орындарға жеткізіп салады. Қылмыс жасаған жолаушыларды Сұрыптау станциясында орналасқан жедел тергеу тобына тапсыратын көрінеді. Сонымен қатар, қызметтік көлікпен шойынжол бойына малдың шығып кетпеуін қадағалау мақсатында аптасына екі мәрте қала іргесіндегі елді мекендерді аралап, профилактикалық шара өткізіп тұрады.

Пойыздан түскен жолаушыларды қолтықтап ала жүгіретін вокзал алдындағы таксистердің қатары сиреген. Яғни, бұл полиция қызметкерлерінің атқарған алдын алу жұмыстарының нәтижесі.

– Дегенмен, мұнда талай жыл еңбек етіп, нәпақасын айырған таксистер бар. Көліктерін арнайы тұраққа қояды. Біз сол кісілерді аптасына екі мәрте жинап, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Вокзалға кіріп, жолаушылардың мазасын алмай, бағаны шарықтатпау керектігін айтамыз. Себебі, үлкен қала болғандықтан, көп туристер, студенттер келеді. Оларды алдау­ға болмайды. Әрі бұл заң тұрғысынан да құқықбұзушылық. Сондықтан, оңды-солды таксистер жүрмейтін болды, – деді Алтынхан Кенжанов.

Иісшіл ит Вlack-тің қырағылығында шек жоқ

Есірткіге қатысты қылмыс азайған

Кезінде жолаушылар вокзалы есірткі жасыратын немесе есірткі таситындар үшін бірден-бір үлкен орын еді. Қазір вокзалға есірткі түгілі күнделікті тұрмыста пайдаланатын пышақтың өзін алып кіре алмайсыз. Тәртіп қатаң, бұйрық сондай. Мәселен, жыл басынан бері аймақта 18 есірткі тасу фактісі анықталған. Бұл дерек, соңғы жылдарға қарағанда әлдеқайда төмендегенін айтады мамандар. Соңғы анықталған екі факті Қарағанды қаласының аумағы мен Ақадыр кентінде тіркеліпті.

– Әзірге бізде үлкен көлемде есірткі тәркіленбеді. Кейбір адамдар болады, шылым секілді күнделікті аз мөлшерде тұтынатын. Оларды вагон ішінде құрықтадық. Сонымен қатар, тасымалдау қызметін атқарып жүргендер де ұсталды. Түрлі шаралар мен профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде қылмыс саны азайып келеді, – деді Алтынхан Кенжанов.

Елде қылмыстың жедел алдын алу мақсатында жыл сайын «Қарасора» шарасы ұйымдастырылады. Бұл шарада өңірлерге арнайы дайындалған кинолог мамандарды жіберіп, қылмысты әшкерелеуге күш салады. Осы мақсатта көліктегі полиция департаментінен кинолог маман Нұржан Құттыбаев арнайы іс-сапармен облысқа жіберілген. Өңірлерге бөлінген кинолог мамандар белгілі бір уақыт аралығында елді мекендерді аралайды.

Нұржанның осы жаққа келгеніне бір жұмадан асыпты. Қарағандыға келісімен Ақадыр станциясына барып, бір тәулік уақытын сол жақта өткізген. Кейін Ақадыр­дан Балқашқа, Саяққа барып, жұмыс жүргізіп қайтыпты. Саяқтан Қарағандыға келгенде бізбен бірге бір ауысымға түсті. Бізбен бірге Вlack есімді 2 жасар неміс овчаркасы кезекті пойыз вогондарын тінтіп шықты.

– Кішкентай кезімнен иттерді жақсы көретінмін. Содан бері осы салада қызмет істегім келді. Бірақ, осы уақытқа дейін бос жұмыс орны болмағандықтан келе алмадым. 2022 жылы сәті түсіп, жұмысқа тұрдым. Бір айдан кейін Вlack есімді неміс овчаркасын берді. Оның тамақ ішуіне, жаттығуына, тіпті, денсаулығына дейін мен жауаптымын. Итті маған бергеннен кейін екі ай бір-бірімізге үйрену процесі өтті. Кейін бірге жаттығу жасап, тінту жұмыстарына шықтық. Осы уақытқа дейін 5 есірткі қылмысының жолын кестік, – деді Нұржан Серікұлы.

Жолаушылар пойызы тоқтаған сәт

Түйін

Осылайша желілік полиция қызметкерінің рөлін сомдап, бір күнді ел арасында өткіздік. Әр мамандық өзінше күрделі. Түрлі қылмыстың ортасына түспесек те, өзіндік қиындықтарды көзбен көріп, жұрт қауіпсіздігі үшін еңбек етіп жүрген желілік полиция қызметкерлерінің тынымсыз еңбегіне бас идік.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button