Руханият

Бес ғасыр бебеу қаққан ән кеші

Ғасырларға сапар шеккен, аты аңызға айналған «Роксонаки» этно-рок тобының солисі, І халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің І орын иегері Серік Көшкінбаевтың көптен күткен шығармашылық кеші Арқа төсін дүбірге бөледі. Ине шаншар орын қалмаған «Шалқыма» концерт залына көрермен қауыммен қатар облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Әсет Аманжолов қатысып, ақжарма лебіздерін жеткізді.

Суреттерді түсірген автор

Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, дирижер Ерлан Бақтыкерейдің жетекшілігімен Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі сахна шымылдығын Түркештің «Көңілашар» күйімен ашып, ә деген бетте көзайым жұртшылықты ерек әсерге бөлеп сала берді.

Уағында Канада, Жапония, Германия сынды мемлекеттерде өнер көрсетіп, ақзер әлемнің көрерменін қайран қалдырған, Асан Қайғы, Жиембет, Үмбетей, Бұқар сынды хас жыраулар шығармашылығын заманауи нақышқа салып орындап, қаракөздеріміздің де жүрегін тербеген этно-рок тобының әншісі араға аздаған жылдар салып, өнер сүйер қауыммен қайта қауышты.

Сахна төріне отбасымен қадам аттаған Серік Төлеуханұлын жиылған жұртшылық тік тұрып қарсы алды. Елге айтулы әншілер ұлы Нұрбота Көшкінбаев және жанжары Гүлнәр Жұмаева үшеуі Қ.Байекеновтың сазына жазылған «Ұлар құс», Ж.Беймағамбетовтың «Ақ бөпем», Халық әні «Әлди бөпем» атты музыкалық шығармаларын тамылжыта орындады.

Кешке ат басын арнайы бұрған белгілі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай мен халықаралық ән байқауларының лауреаты, Бауыржан Исаев өнерлерін паш етіп, көңіл тебірентер естеліктерімен бөлісіп, кеш иесіне шалқар шабыт тіледі.

Қымбатты оқырман, С.Көшкінбаевтың ән кеші турасындағы толығырақ мақаланы облыстық газеттің алдағы санынан оқи аласыз…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button