Жаңалықтар

Басына Иманақтың бақ үйірілген

Жаңаарқаның солтүстік-шығысындағы кең жазық алқапта алыстан мен мұндалайтын бір биік бар. Иманақ деп аталады. Жұмбақ атау. Баурайында Сәкен өскен, ән салған, рухы қалған Иманақ бұл. Иә, сонау бір қасіретті жылдары амалсыз тұншыққаны болмаса, сол ән, сол сән әлі жалғасып келеді. Соны шырқау көкке көтеріп жалғастырып келе жатқан ұландар баршылық. Иманақтың басына үйірілген бақ бар. Сол бақ бұлтының тамшысы тамған таңдау­лының бірі де бірегейі – Ержан Наурызбайұлы Базарбеков.

Сурет әншінің жеке
архивінен

Бүгінде қазақ өнерінің жарық жұлдызының біріне айналған Ержанды білмейтін жұрт кемде-кем. Ол – ән өнерінде ойып алар орны бар, сырлы да, сырбаз өнерпаз. Кешегі-бүгінгі қазақ сахнасын Ержандарсыз елестету мүмкін емес.

Кеше дегенде Ержан жиырмасыншы ғасырдың соңғы он бес жылын әнмен әуелетіп өткізді. 1974 жылдың 19 ақпанында Иманақтың баурайында дүниеге келген ол алғаш сахна төріне онға толмай шықты. Сахнаға шығарған Гүлбараш мұғалімі. Жаңа жылға арналған кеште Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған Жақсыкелді Сейіловтің «Жезкиік» әнін шырқады. Кішкентай мектептің шағын сахнасы. Көрермені жоғары сынып оқушылары мен ата-аналар. Шыршаның түбінде отырып айтты. Домбыраның құлағы кетіп қалды ма, әйтеуір ән онша шықпады. Мұғалімі сахна тарлығынан әні дұрыс шықпады деп ақтағаны есінде. Гүлбараш апай – ақын Дүйсенбай Жұмасейтовтің жан жары. Көзі тірі.

Содан бастап, әннен қол үзбеді. Мектеп бітіру кешінде де ән шырқады.

Ержан ес білген заманда өнер жолына түсуді армандау ессіздік тәрізді көрінетін. Ол кезде заман өзгерген, жұрт ән емес, нан іздеуге мәжбүр шақ еді. Біреу нанға мұқтаж, біреу әнге зәру деген. Қайрат Байбосыновтың бала күнгі арманы суретшілік болса, анасы «ветврач бол, қарнымыз тоқ болады» дейді екен. Асанәлі Әшімов ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетінен шығып кетіп, бос жүргенде театр институтының жанынан өткен сайын арқасы шымырлап кете береді екен, содан өнерге бет бұрыпты.

Бұл да мектеп бітіріп, әскерден келген соң үлкен ортаны аңсап, Қарағандыға ат басын бұрды. Тоқсаныншы жылдардың аласапыранына тап келді. Жиырма жеті көмір шахтасының қара тозаңына бөккен Қарағанды ауылдан келгендерді қабағы түксиіп қарсы алатын, тар құшақ, суық көңіл күйде болатын. Дегенмен, іштегі бір бұла күш, тылсым жігер Ержанды сахнадан ұзатпай, айналшықтатып қойды.

Бір кезде жазғанбыз. Қарашаңырақ Қарағанды бұлар түгіл Жақсыкелді мен Жароллаларды жатырқап қарсы алған. Көпке дейін құшағын аша қоймаған. Өйткені, бұлар шекараның сыртындағы Жезқазған деген облысы бар жаңаарқалықтар еді. Бұлар өнерде шек пен шекара бар деп білген емес, әлі күнге дейін білмейді де.

1996 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсіп, 2004 жылы бітірді. Бұл жағынан бізге шәкірт. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болған кезде оқу оңай болмады. Сегіз жылға созылды. Сонда да өнерге деген адалдығынан айныған жоқ. Күнкөрісті ойламады емес, ойлады, дегенмен өнерге бұрған бетінен таймады. Студент кезінде әнші, күйші, жалпы өнерлі ортадан қол үзбеді. Керісінше, өнерлі ортаға ойыса берді. Соның бәрі оқу, үйрену, ізденіс кездері екен. Концерттер мен байқаулардан қалмайтын. Қуғаны қызмет емес өнер болды. Әйтпесе, заңгермін деп бір ұйымға кіріп, қазір бір шенді иеленіп, зейнеткер болып отырар ма еді?.. Кезінде Қарағандыдағы Д.Қонаев колледжінде сабақ берді, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды.

Жұрт Ержанды заңгер деп, мұғалім деп білмейді, қашаннан әнші деп біледі. Тұла бойына біткен, маңдайына жазылғаны осы бір өнер жолы. Сол арнадан, сол сағадан, сол жағалаудан ұзамады. Міне, бүгінде қазақ өнерінің шалқар көліне, телегей теңізіне кең өзеннің арнасындай болып құйылып жатыр.

2001 жылы IV халықаралық «Шабыт» фестивалінің II дәрежелі лауреаты, 2004 жылы I республикалық Мәди Бәпиұлы атындағы ән конкурсының I дәрежелі лау­реаты, 2007 жылы III республикалық Жүсіпбек Елебеков атындағы ән конкурсының Бас жүлде иегері болды. 2008 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы облыс­тық қазақ драма театрында «Ән-аманат» шығармашылық кешін өткізді. Оған да 17 жыл болыпты. Ол кезде филармония да жоқ. 2009 жылы Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Арқа аруы» ән жинағын шығарды. 2014 жылы Жаңаарқа ауданында «Әніме бір басайын «Алтыбасар» ән кешін өткізді. 2015 жылы «Болашақ» университетін мәдениеттану мамандығы бойынша бітіріп, өнерді түсінетін азаматтар қолдау көрсетіп, сәтін салып, филармонияға жұмысқа тұрды.

Оған дейін жеке де жанкешті ізденіс үстінде жүрді. Немен күн көріп жүргенін сұрамаса да болады. Отбасын асырау, бауыр­ларына қарайласу керек. Тұрақты жұмысы жоқ, қалай күн көріп келгені өзіне де, өзгеге де жұмбақ. Өзін, отбасын асырап жүрген сол әнге деген махаббаты болар. Әйтпесе, жалақы үшін күнделікті күйбең тірлікке шырмалып, тірнектеп мал жиған емес. Ел болған соң тойы бар, томалағы бар, сыйлап, құрметтеп шақырады. Барады. Елікпейді, желікпейді. Кез келген ортада қазақ әнінің мәні мен сәнін келтіріп, шырқайды. Басқар десе, басқарып береді. Талай көріп жүрміз. Ержан сол бір байсалды қалпынан аумайды. Ол ән салған орта, айнала өзгеріп, нұрланып шыға келеді. Сол тұрғыдан келгенде алдындағы ұстаздарының атына кір келтірген емес, баяғының сал-серілерінің салтын бұзған емес.

2017 жылы Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Халық әнін үздік орындаушы» аталымы бойынша сыйлығымен марапатталды. 2019 жылы «Халық әнін үздік орындаушы» аталымы бойынша Қарағанды облысы әкімінің сыйлығын иеленді. 2019 жылы Жаңаарқа ауданының 90 жылдық тойына «Тау ішінде» ән жинағын тарту етті.

2023 жылы Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» атағын ие­ленді. Оны Аманжол Әлтаев ағасы арнайы келіп тапсырды.

Кезінде Қорғалжыннан шыққан Есімжан, Қосымжан, Досымжан Бабақовтар, Есімжанның Рабиғасы бар қазақ классикалық әнін әулетімен әуелетіп өтсе, кейінде олардың жолын Жоламан, Тельман, Ерлан Құжымановтар, Рамазан, Ерлан, Сан­дуғаш Стамғазиевтер жалғастырып әкетті.

Базарбек әулеті де осынау салтанатты көштің бір керуенін бастап келеді. Ағайындылардың өнерден тыс қалғаны жоқ. Әрине, бәрі бірдей үлкен сахна төріне ұмтылмады. Алайда, әрбірінде бір ұшқын бар. Бір кездері бірі уәде еткен жерге баруға мұршасы келмегенде екіншісі барам деп, оның өзі де аяқ асты бара алмайтын болғанда үшіншісі барып, той атқарған кез болған. Ақыры не керек, өзара ұйымшылдық танытып, біріне-бірі қызмет қыла жүріп, бірін-бірі сүйреді, алға жетеледі.

Ержан – бір ана, бір атадан туған алтаудың үшіншісі. Отбасымен бәрі өнерлі. Әкесі Наурызбай ақсақал – 1942 жылғы. Кенже ұл болмаса да, әкесімен бір шаңырақ астында тұрып жатыр.

Негізі Ержан: «Біз бір үйде жеті ұл өстік, үлкеніміз әжеміздің бауырындағы Ерік еді. Ол осыдан 5-6 жыл бұрын дүниеден өтті. Кейін білдік, Ерік әкемнің ағасы Мұқанның тұңғышы екен. Үлкен шешеміз Кенжетай бауырына басыпты. Наурызбайы үйленгенде кенженің қолында тұрамын деп, Ерікті де өзімен бірге ала кетеді ғой. Содан жеті ұл бір ұяда өседі. Мұқан әкеміз ақ басты, ұзын бойлы, кеудесін көтеріп жүретін кісі еді. Ауданда бас зоотехник болды», – деп бір қайырады.

Одан кейінгі ағасы Ерлан – Семейдің медицина институтын бітірген, хирург. Жаңаарқа ауруханасына директор болып тағайындалғанына шамалы ғана күн болды. Ол жерде кардиохирургия орталығы ашылмақ екен. Орталық маңайындағы аудандарды да қамтымақ. Нұрлан ағасы Целиноград ауыл шаруашылық институтын зоотехник мамандығы бойынша бітірген. Шұбаркөлде істейді. Ербол бауыры кеше ғана Шет ауданына судья болып тағайындалды. Ернұры – журналист, Жасұланы – әнші, өнертанушы, есімі жұртқа мәлім азамат. Бұлардың бәрі бала кезден сурет салды. Арнайы оқымаса да, қолдары суретке бейім еді. Салған портреттері әлі күнге дейін сақтаулы.

Анасы – Алсай руынан. Кешегі қайран Сәкен де, қайраткер Жұмабек Тәшенов те, сырбаз әнші Биғазы Тұтқабеков те, бүгіннің азамат ері Аманжол Әлтаев та – Алсайға жиен. Анасы Жұмаш Ыбырайқызы көрікті де көркем мінезді елге сыйлы жан еді. Ұлға да, қызға да ортақ есім қойылуының сыры бар. Отбасындағы төртінші қыз. Сол ырымнан кейін Есіркеп, Жарылғап деген екі ұл дүниеге келген. Жақындары Жанна деп атаған, 50 жасында дүниеден озды. Мұның әскерден келген кезі. Жұрт қап арқалап, базар жағалап кеткен, әр жылы ғасырға пара-пар бір кезең. Алты бірдей ұл балаға аналарынан айырылу қиынның қиыны, қайғының ең ауыры болды. Әкелерін қосқанда жеті бірдей еркек кіндік аңырап қалды. Екі ұл ғана отау құрған болатын. Әкелері мықтылық танытты. Бұлар да берілмеді. Жүрек жыртылып, қырық жамау болған, жылай-жылай көз жанары суалған, тасбауыр қылған кезеңнің табы әлі сақталған.

Өміріндегі ең бір қиын кезеңдерде домбырасынан ажырамады. Сырласы да, мұңдасы да, бары да, бағы да сол домбыра болды. Енді одан қалай ажырасын?! Бала кезінде өзінен үлкен домбыраны сүйретуден жалықпайтын. Бозбала, жігіт шағында да сүйенері сол домбыра болды. Сөйтсе, бұл домбыраны емес, домбыра мұны жетелеп жүр екен. Мұны бүгінгі биігіне көтерген домбыра екені анық. Домбыраның киесі мен қасиеті. Қазақ өнерінің көзге көрінбес, зерттегенге білінбес тылсым да қастерлі сыры.

Өнердегі ұстазы – Қайрат Байбосынов. Құлақ түріп елтитіні қазақ радиосы, үйіріліп жүріп үйренетіні – Жақсыкелді Кемалов, Мейірхан Адамбеков, Жаролла Пазылұлы, Құрмаш Ыбыш, Ерлан Төлеутай, Ерлан Құжымандардың думанды ортасы. Ерлан Төлеутайды рухани ұстазым, ағам деп ерекше атайды. Сонау бір қиын жылдары соңына ертіп, биік өнерге баулып, ортаға салып, терін алып баптаған адам.

Қатарластары – Дәуренбек Әркенов, Сержан Мұсайын, Дулат Ақанов сияқты сайыпқырандар. Інілерінің бірі – Медет Осатаев. Бұл қатарды санамалап тауыса ал­майсың. Дегенмен бірден тілге оралатыны осылар.

Арнайы білім ордасында сабақ беріп, шәкірт тәрбиелемесе де, мұны үлгі етіп, ұстаз тұтып жүрген Нұрмұхамбет деген әнші, күйші бала бар. Тәттімбет атындағы өнер колледжінде оқиды. Құрдасы Медеу Жақановтың баласы. Мұның әндерін радио мен теледидардан естіп, көріп, жинақтап, бұған еліктеп, айтып жүреді екен. Енді, міне, екеуара уақыт тауып, бірге айналысып жүрген жағдайы бар.

Репертуарында Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естай, Жаяу Мұса, Мұхит пен Мәдидің әндері. Қали Байжанов, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебековтердің репертуарын жаңғыртып жүрген жан. Негізінен Арқа әндеріне ден қойған. Алайда қазақтың Ұлы Даласының кез келген бұрышынан шыққан кең тынысты классикалық әндерді шырқай береді.

Таңертең айтылып, түс ауа ұмтылып қалатын эстрадалық жеңілтек әуендерге еш бұрылған емес. Мұның өзіндік талғамы, өзіндік жолы бар. Өмірлік кредосы – өнерге деген адалдықтан айнымау. Сұл­танмахмұт айтқандай, қазақтың әні қазақтың жаны, қазақ әнді жанын салып айтады, әні кетсе жаны да кетеді. Сол бір жан деп жүргеннің бірі – бұл.

Сөз арасында «Операға шақырса барар ма едің?» деймін ғой. Баруға болар еді. Дегенмен, кең тыныспен шырқалып, әуелеткен кезде сан құбылар қазақ әнін операның қазығына байлағысы келмейтінін айтты. Ол қазық қанша алтын болса да, қазақ әнінің еркін тынысына сай емес. Ал, Батыс мәдениетінің қалыптасып қалған өзіндік шарттары бар. Қазақ әндерінің шырқалуы ария айтудан артық болмаса, еш кем емес. Қазақ әні жеке орындаушылықтың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып шырқалатын динамикалық дүние дегендей ой өрбіттік.

Мәди байқауында қазылар алқасының төрағасы болған академик Ғабдолла Құлқыбаев: «Мынау Ержан – Сәкеннің тура өзі!» деп баға берді. Мейірхан Адамбеков бір сұхбатында «Ағайынды Базарбековтер өздері бір мектеп, сол мектептің басында – Ержан тұр» деп айтқаны бар. Міне, ел ағаларының аузынан естіген ба­ғаға мәз болып, мәртебесі өсіп жүріп жатыр.

Адам ұрпағымен мың жасайды. Жан жары Гүлшат екеуінің ортасына өрбіген 4-5 балапаны бар. Бір баласының есімі – Ғабдолла.

Әншінің қолынан не келеді? Ештеңе өндірмейді. Қой бақса, отарымен жоғалтып, жылқыны үйірімен айдатып жіберер ме еді?!

Жоқ, олай деуге болмайды. Сырт көз оқалы да оюлы сәнді шапан, қағып-қағып жіберсең, күмбірлей жөнелетін үкілі домбыраны ғана көреді.

Бұлар руханиятқа барынша қызмет етуде. Ол бір жанкешті тірлік. Дауысты бап­тау. Ортада жүре білу. Репертуарын жетілдіріп отыру. Мінезді шыңдау. Әні мен сәні тең түсу. Оқу-тоқу, ұдайы іздену…

Мұңаймау, мұңға бой алдырмау. Мәннен айырылмау.

Небір келеңсіздік пен әділетсіздікке ішің қайнап жатса да, сахна төрінде сыр білдірмеу, ылғи күліп жүру, жайнап жүру, небір қаңқу сөзге шыдау, шамданбау…

Сөйтіп, қарапайым бола жүріп, Сәкеннің сәні мен салтанатын, әні мен мәнін дүйім Алашқа асқақтата беру…
Біле білсек, Ержанның бойында қазақ өнерінің кешегісі мен бүгіні, тіпті, ертеңі тұр.

Кеше дегенде Ержан – өткен ғасыр­лардың тұңғиығынан жеткен тылсым үндерді, сылқым саздарды тыңдарман құ­лағына құйып, санасына сіңіріп келе жат­қан қоңыраулы керуеннің ішінде көзге түсер кербезінің бірі де бірегейі.

Бүгін десек, оның үні фонограмманың астында, эстраданың көлеңкесінде қалған жоқ.

Небір құйын мен дауылдан, аптап пен аяздан аман-есен өтіп келеді.

Таласқандар тақтан құлаған, аттан аударылған, шапқандары шаң қапқан, шалдыққан, қарлыққан, барлыққан, тіпті, тіршілік жібін үзіп алған қиын да, күрделі кезеңдерден, қиялар мен асулардан аман-сау өтті.

Тоқсаныншы жылдары Зарқын Тайшыбай ағамыз жас әншілердің сауық кештерін құр жібермейді екен. Басқа да шаруаларыңыз да жетерлік, жастардың ортасында не істейсіз дегендерге: «Кешегі өткен Біржан, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлар осы Жақан, Мейірхан, Ерландар, Ержан, Сержан, Дәуренбектердей болған», – дейді екен. Сол рас-ау.

Ержандар барда ертеңге де үміт зор. Қазақ мәдениетінің өрлеуі осы есімдермен тығыз байланысты.

Ержандар, иә, Ержандар – бұлар отбасымен сегіз қырлы, бір сырлы өнерлі бірнеше ағайын. Қазақ өнердің алтын көпірі қызметін алдыңғы аға буынмен, құрдастары мен қатарластарымен, жасы кіші замандастарымен бірге атқарып келеді.

Ереке, бағытың айқын, бақытың биік, бағың баянды болсын!

Болат СЫЗДЫҚ,
заң ғылымдарының кандидаты,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button