Руханият

«Керей ханмен» кездесті

Кино болғанда қандай! Кейіпкер болғанда қандай!

Қазақ кино өнерінде «Қыз Жібектен» кейін ұлттық бояуы қанық, халық қазынасына үлкен үлес болып қосылған туынды режиссер Рүстем Әбдірашевтің 20 сериялы «Қазақ хандығы» фильмі шығар. Оның «Алмас қылыш», «Алтын тақ» бөлімдерінде осыдан бес жарым ғасырдан астам уақыт бұрын Ұлы даламыздың төсінде тұңғыш қазақ мемлекетінің құрылуы мен оның алғашқы хандары, Шыңғыс ұрпақтары, шөберелес туыс Керей мен Жәнібектің бастарынан өткен қым-қуыт оқиғалар суреттеледі. Жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының негізінде түсірілген бұл кинотуындыны қалың көрермен жылы қабылдап, сол заман суреттерін көз алдымыздан өткізгендей әсерге бөлейді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Міне, осы фильмдегі басты рольдердің бірі – Керей ханды сомдаған жерлесіміз, Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық театрымыздың белді актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемаловты көпшілікке таныстырып жатуымыз артық болар. Осы театр сахнасында ол ойнаған образдар актерлік шеберлігімен, шынайы бейнеленуімен елдің есінде қалған. Енді кино әлеміндегі оның бұл қадамы да сәтсіз болған жоқ. Жаңаарқа жазығында туып, елдегі кәріқұлақ қариялардан тар кезеңде ел қорғаған батырларымыз бен хандарымыз жайлы жасынан естіп, ат құлағында ойнап өскен оған бұл роль бір жағынан оңай соққанымен, екіншіден, өмірін алты ғасырдай кейін шегеріп, сол заман адамынша тыныстап, ой толғап, әрекет жасау жеңіл тимегені анық. Мұны Абай қаласының Мәдениет үйінде болған жұртшылықпен жүздесуінде актер ағамыздың өзі де ақ жарыла айтып, мойындаған еді.

Ал бұл кездесу Қарағанды қаласындағы «Сарыжайлау» кинотеатрының «Кино әлемі – Сарыарқа төрінде» көшпелі шығармашылық жобасы аясында өткізілді. Ол басталмас бұрын жиналған жұрт Мәдениет үйінің фойесінде қойылған театр сахнасында киілетін ұлттық киімдер мен сол дәуірдегі қыз-келіншектер таққан асыл тасты, қымбат бағалы әшекейлі бұйымдармен, бейнелеу өнері мұражайында тарихи тақырыпқа жинақталған картинкалармен танысса, бір шетте Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің оқытушылары мен студенттері кездесуге келген мектеп оқушыларымен кәсіби бағдар жұмысын жүргізіп жатты.

Ендігі сәтте Қайрат ағамыз сахна төріне шақырылып, қос қанатында отырған жүргізушілердің сұрақтарына еш бүкпесіз жауап берумен болды. Ол өз сөзінде, Станиславский айтқандай, «Өнер құрбандықты талап ететінін», сол жолда өз басынан өткен қиындықтарды жасырмай айтты. Мәселен, Керей хан полкінде таңертеңнен кешке дейін ат үстінде киіп жүрген темір сауыт-сайманын өлшегенде, 30 килограмға дейін тартқан екен. Соның салдарынан аяқ пен белге салмақ түсіп, денсаулығына да бірталай зиян келген көрінеді. Фильмде шайқастағы, ат үстіндегі трюктерді еліміз ғана емес, шетелдерге де мәлім «Номад» каскадерлер тобының жігіттері орындағанымен көп ретте оларды актердің өзі атқарып шыққан сәттері аз болмапты. Қазір біздің бұл жігіттердің Голливуд студиясы фильмдерінің 70-80 пайызында ойнап, ат үстінде неше түрлі әбжіл қимылдар жасайтынын естіп, бір марқайып қалдық.

Қайрат ағамыз әңгімесінде өзінің интернеті жоқ заманда өсіп, ауылдағы ата-әжелерінің ертегісі мен аңыздарын, қиссаларын тыңдап, кітап оқып жетілгенін айтып, технология дамыған заманның өзінде кітапсыз адамның күні қараң екенін еске салды. Ілияс Есенберлиннің кітаптарын сонау жас күнінде ауыл балалары қолдан-қолға түсірмей оқығанын қызықты етіп баяндады. Сонда кітапханада болған бір кітапты бәрі оқып бітіргенше жұлма-жұлмасы шығатынын айтқанда, біздің де бастан өткен сондай жайт ойға оралды.

Бұл күнгі қызықты кездесу соңы «Сарыжайлау» кинотеатрының директоры Саят Әбдіғали мен Абай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Арман Бапановтың жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ескерткіш сыйлықтар табыстап, актерге жерлес апасы Күлшаттың шапан жабуымен, одан соң «Алтын тақ» фильмінің көрсетілуімен аяқталды.

Ал ертеңінде осы Мәдениет үйінде кинокейіпкерлер шеруі өтіп, онда гримделіп, актерлерше киінген мектеп оқушылары «Қазақ хандығы» фильміндегі рольдерде ойнап, «Трикси» би ансамблі мен вокалдық топтар өнер көрсетіп, фильм бойынша конкурстар мен сөзжұмбақтар ұйымдастырылды.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button