Руханият

Арқадағы көне дәуір көмбесі

Биыл көнеден келе жатқан тарихы бар қасиетті де киелі өлке Атырауда Ұлттық Құрылтайдың кезекті үшінші отырысы өтті. Ұлттық құрылтайда еліміздің дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын келелі мәселелер көтеріліп, сүбелі ойлар айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай мәжілісінде үнемі ұлттық тарихты зерттеудің және насихаттаудың маңыздылығына назар аударып келеді. Биыл да Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Кемелұлы «Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет» деп күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі тарихи-мәдени мұраны сақтау­ға және оларды кеңінен насихаттауға шақырды.

Сурет автордан

Тарихи-мәдени мұраны сақтау – өткенімізбен болашағымыз туралы әңгімелесу. Бұл бізге «біздің тарихымыздың маңызы неде?» және «біз болашақ үшін тарихымыздың қандай құндылықтарын сақтай аламыз?» деген сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік береді. Тарихи-мәдени мұраны сақтау арқылы біз тарихты жаңа қырынан көреміз, өткенге қатысты әртүрлі сұрақтар қоямыз, тарихымыз бен өзіміз туралы жаңа нәрселерді білеміз. Тарихи-мәдени мұраны сақтау – біздің тарихымызды болашақ ұрпаққа жеткізудің маңызды жолы.

Тарихи-мәдени мұраны қорғау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Мәдени мұраның ең үлкен категориясы – археологиялық ескерткіштер. Аймақ аумағындағы археологиялық ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету арқылы еліміздің материалдық тарихын, мәдени құндылықтарын және ұлттық тарихымыздың тереңде екендігін көрсетуге мүмкіндік аламыз. Оның үстіне, әлемдік тәжірибеде өнеркәсіптік даму технологиялық және әлеуметтік жаңғырту үдерістері неғұрлым қарқынды болған сайын, соғұрлым ұлттық көне жәдігерлерді сақтауға мән берілетінін білеміз. Ежелгі елді мекендердің, қорымдардың, өндірістік ғимараттардың және мәдени орындардың археологиялық ескерткіштерді сақтау үрдісі басымдыққа айналады.

Қарағанды облысының аумағында барлық тарихи кезеңдердің көптеген ескерткіштері шоғырланған: тас дәуірінің орындары, қола дәуірінің қоныстары мен қорымдары, ерте темір дәуірінің қорғандары және орта ғасырлардағы жерлеу­-салттық кешендері.

Қарағанды университетіндегі археологиялық жұмыстардың нәтижелері туралы айтқанда, ең алдымен қола дәуіріндегі ауқымды зерттеулерді атап өту керек.

Біздің зерттеулеріміз Орталық Қазақстанның темір және балқыту өндірісінің негізгі таралу нүктелерінің бірі екенін растауға, металлургиялық технологиялардың шығу тегін зерттеуде жаңа беттерін ашуға, «Ежелгі Темір жолының» таралу картасын қайта қарауға мүмкіндік берді. Бұл адамзат тарихын түсіну үшін өте маңызды, сондықтан біздің зерттеу нәтижелеріміз көптеген шетелдік ғалымдардың жұмысы үшін маңызды болып тұр. Біздің облыс аумағында біздің заманымызға дейінгі XIII ғасырға жататын Алат өндірістік-металлургиялық кешенінде (Қарқаралы ауданы) темір балқыту пеші ашылды.

Нұраталды, Қызылтау, Талды (Шет ауданы) қорымдарының қазбаларының маңызы жоғары, барлық қорымдарда жерленген адамдар қола дәуірі қоғамының иерархиясында ең жоғары деңгейінде тұрған жауынгер-арбакештер екені, олардың элиталық әлеуметтік тобына жататыны анықталды. Біздің заманымыз­ға дейінгі XVIII ғасырдың бірінші ширегіне жататын сақиналы науада 2 ерекше жұқа қабырғалы мыс ыдыстың табылуы нағыз сенсация болды. Жетекші мамандардың айтуынша, бұл ыдыстар – әзірге Қазақстандағы қайталанбас жәдігерлер. Бұл олжалар Қазақстандағы қола дәуіріндегі металл өңдеудің бұрын болжанғаннан әлдеқайда жоғары деңгейде болғанын растайды.

Археологтар үшін бұл жаңалық үлкен ғылыми қызығушылық тудырады. Бұл қола дәуірінің өзінде Қазақстан аумағында Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерін байланыстыратын транзиттік дәліз болған деп болжауға мүмкіндік береді. Халықтың көші-қоны, заттар, идеялар мен технологиялар осы ежелгі магис­тральдар арқылы екі бағытта да белсенді түрде жүріп жатты.

Қола дәуірінің соңындағы ескерткіштерді зерттеу саласындағы ізденістеріміздің нәтижелері де өте маңызды. Бұл кезде біздің облыс аумағында Беғазы-Дәндібай мәдениетінің тайпалары өмір сүріп, Қазақстанның қола дәуірінің ең танымал болып табылатын Беғазы тектес монументалды ескерткіштерін жасаған тайпалар мекендеген. Осылайша, университет археологтарының көп жылдық жұмысы осы кезеңдегі ең үлкен (ауданы 300 мың ш.м ) шын мәнінде протоқала болып табылатын Кенттің ең ірі қонысын (Қарқаралы ауданы) зерттеуге мүмкіндік берді. Шетелден әкелінген керамикалық бұйымдардың табылуы бұл ескерткіш Батыс Сібірден Орта Азияға дейін созылған ежелгі сауда жолдарының тірегі болған деген қорытындыға әкелді.

БАҚ-та «Қазақстан пирамидасы» атауына ие болған Қазақстан аумағындағы бірегей кешен Қаражартас қорымы (Шет ауданы) зерттелді. Бұл 14,5х14 м өлшемді пирамидалық пішіндегі қорым болатын және онда жерленген адамның әлеуметтік дәрежесі өте жоғары (ру көсемі болуы мүмкін). Жалпы алғанда, ескерткішті Орталық Қазақстандағы ең ертедегі Беғазы-Дәндібай мәдениеті қорымдарының бірі деп санауға болады. Бұл туралы ақпараттар тек республикалық телеарналарда ғана емес, «Dailymail» (Ұлыбритания), «Археология» (АҚШ) және басқа да барлығы 50-ден астам басылымдар мен газет сайттарында ақпараттар жарияланды.

Ерте темір дәуірінің ескерткіштерін зерттеу барысында университет ғалымдары үш иінді аяғы бар сфералық пішінді мыс қазанды тапты. Артефакт біздің заманымызға дейінгі II ғасырға жатады (шамамен 2 мың жыл). Бүгінгі таңда бұл жәдігер Орталық Қазақстанда табылған осындай жалғыз олжа болып табылады және Сарыарқаның ерте көшпелілерін зерттеу тарихы үшін ерекше маңызы бар.

Соңғы жылдары университет археологтары ортағасырлық ескерткіштерді зерттеуге ерекше көңіл бөліп келеді. Түркі-қыпшақ дәуіріндегі ғимараттарға археологиялық зерттеулер жүргізілді, ортағасырлық көшпенділердің заттық және киелі әлемі туралы идеяларды анықтайтын ғұрыптық және жерлеу кешендерін зерттелді. Алтын Орда дәуірінің ескерткіштерінен (Нұраталды, Қарасуыр кешендері және т.б.) бірегей археологиялық материал алынды, бұл Жошы Ұлысының әскери өнерінің қалыптасу тарихы, этномәдени құрамы, діни көзқарастары мен киелі ғұрыптары туралы тың деректер берді.

Ұлттық Құрылтайда ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» деп бекер айтпайды. Ешкіөлмес жотасы – Еуразия құрлығындағы петроглифі ең көп жердің бірі. Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларында көптеген тарихи сурет сақталған. Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі», – деп ежелгі дәуірдің тарихи айғағы болып келе жатқан тастағы суреттердің – петроглифтердің орынсыз бүлініп, жойылып бара жатқанына да назар аударған болатын.

Жартастағы суреттерді – петроглиф­терді зерттеу туралы айтар болсақ, университет археологтары осы тақырыпқа арналған бірқатар ғылыми-көпшілік басылымдарды («Қазақтың ұсақ шоқыларының бейнелі ескерткіштері», «Сарыарқа петроглифтері» және т.б.) шығарды. Қазақтың ұсақ шоқыларының жаңа және бұрыннан белгілі жартас өнері ескерткіштері туралы материалдар ғылыми айналымға енгізілді.

Сондықтан, Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті археологтарының зерттеулері өзекті және бүкіл әлем ғалымдары арасында үнемі терең қызығушылық тудырады. Бірлескен ғылыми зерттеулердің нәтижелері Nature, Cell және Science тәрізді әлемге танымал журналдарда жарияланып тұрады. Қарағандылық археологтардың зерттеулерінің нәтижесінде алынған материалдар әлемдік жобаларға қатысады.

Шет ауданында орналасқан Талды тарихи-археологиялық саябағын құрудағы университет археологтарының үлесін де да атап өткіміз келеді.

Жалпы алғанда, Қарағанды облысы аумағында археологиялық ескерткіштерді зерттеу жан-жақты және жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Әрине алда әлі де болса қаншама тың ізденістер мен қызықты жаңалықтары күтіп тұрғаны сөзсіз. Ендігі кезекте облыс аумағындағы тарихи-мәдени мұраны сақтай білу және болашақ ұрпақ жеткізу мақсаты тұр.

Мәдени мұраны сақтау жөніндегі мәселеге консерваторлардан құқық қорғау органдарына дейін, сәулетшілерден бағдарлама менеджерлеріне дейін әртүрлі сарапшылар қатысады. Физикалық, мәдени және табиғи нысандарды сақтау үшін инженерлік, сәулет, археология, тарих, гидрология, агрономия, геология, экология және басқа пәндер бойынша техникалық білімдер қажет. Кейбір жобалар өте қарапайым болуы (мысалы, ауызша тарихты жазу) және тек жүздеген немесе мыңдаған теңгені құрауы және мерзімі жағынан апталар немесе айларды алуы мүмкін. Ірі жобалар, мәселен тарихи қала орталығын сәулеттік қалпына келтіру миллиардтаған теңгені құрауы және аяқталуы ондаған жылдарға созылуы мүмкін. Ірі жобалар жергілікті, аймақтық және мемлекеттік, тіпті, халықаралық ұйымдардың елеулі қолдауын қажет етеді.

Археологиялық зерттеулерді елімізде кәсіби мамандар тарапынан жүргізілуі, арнайы маманданған зерттеу мекемелері тарапынан жүзеге асырылуы орын алып отырған көптеген келеңсіз оқиғалардың алдын алары сөзсіз. Жарты ғасырдан астам археологиялық зерттеулермен шұғылданып келе жатқан Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің дәстүрі бар археологиялық мектебі қалыптасқан. Әлемдік деңгейде танымал болған ғалымдар қызмет етеді. Сол себепті де, Орталық Қазақстан аумағында көне дәуір ескерткіштерін зерттеу ғылыми және жүйелі түрде жолға қойылған. Тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесі де университет ғалымдарымен бірлесе жүргізіледі. Тарихи ескерткіштерге реставрация жасау да археолог ғалымдардың тікелей қатысуымен өтеді.

Тарихымыздың көне дәуірінен сыр шертетін ескерткіштерді зерттеу және болашақ ұрпаққа сақтау – біздің азаматтық парызымыз.

Жамбыл ЖҰМАБЕКОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті тарих факультетінің деканы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button