АймақАқтоғай

Әжелер өнегесі – ұрпаққа аманат

Ақтоғай ауданында жас ұрпақты ата-баба дәстүрімен тәрбиелеу, әже тәрбиесі мен өнегесін үлгі ету мақсатында «Өнерім – өмірім» атты әжелер байқауы өтті. Ақтоғай мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға өз аймағында үздік шыққан жеті әже қатысты.

Сайысқа сайланып келген қатысушылар ережеге сай өнерлерін көрсетіп, түрлі сындардан өтті. Байқау барысында ақжаулықтылар ұмыт бола бастаған дәстүрлерді сахналап, қазылардың сұрақтарына жауап беріп, баланы кішіпейілділікке, қарт адамдарды құрметтеуге үйретуді үндеді. Өмірден түйген өнегесі мен өнерлерін ортаға салды. Жеті бала тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ардақты әже Батила Қарынбай ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

– Әженің әлдиімен өскен ұрпақтың алар тәрбиесі мол. Үлкендер салған өнегелі жолды көрсету біздің асыл парызымыз деп білемін. Бүгінгі игі шараны ұйымдастырушыларға дән ризамын. Біздің ұмыт бола бастаған дәстүріміз жетерлік. Және дәстүрлі өнеріміз де кенжелеп қалды. Осы тұрғыдан саралай қарасақ, қариялардың айтқаны асыл екенін, әрі олардың өнегесін күнделікті өмірде пайдалану қажеттігін байқау көрсетіп берді, – дейді Батила әже.

Байқау қорытындысы бойынша, Бас жүлде Қызыларай ауылынан сынға түскен әже Ләззат Ақылбековаға бұйырды. I орынды Қусақ ауылының әжесі Қарлыға Есімжанова иеленсе, II орынды Тораңғалық ауылының әжесі Батила Қарынбай мен Шашубай кентінен қатысқан әже Бақыткүл Нарымбекова еншіледі. III орынды Қуаныш ауылының әжесі Балкен Сейткасова, Шабанбай би ауылының әжесі Қорлан Құлымжанова, Үшарал ауылының әжесі Айткүл Бұхарбекова қанжығалады.

Барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Нұрдос КӘРІМ,

Ақтоғай ауданы.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button