Жазушы мерейтойын жерлестері де атап өтті

Биыл қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ғабиден Мұстафиннің туғанына – 120 жыл. Республика көлемінде жыл бойы аталып өтіп жатқан Ғабеңнің мерейтойы 25 қарашада туған жері – Мұстафин кентінің Мәдениет үйінде жалғасты.

Мұстафин кенті орналасқан аумақ бұрын Тельман ауданына қарап, ол таратылған соң Бұқар жырау ауданына қосылған еді. Міне, осы жерде 1902 жылдың 29 қарашасында болашақ сөз зергері дүниеге келген. Жауыртаудың баурайында, Нұра өзенінің бойында туған ол ауыл молдасынан алған аз ғана білімімен-ақ Алатаудай атағы Алты Алашқа танылып, қазақ көркемсөз өнерінің хас шеберіне айналып, соңында өлмес туындылар қалдырды. Шығармашылығын «Сәрсен мен Боқаш» әңгімесінен (1927 ж.) бастаған ол әдебиетіміздің алтын қазынасына «Миллионер» повесі, «Өмір не өлім», «Қарағанды», «Шығанақ» романдары, тағы да басқа шығармаларымен өлшеусіз үлес қосты. Еңбегі лайықты бағаланып, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталып, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ҚР Орталық партия комитетінің мүшесі болды. Жазушы есімі туған жеріндегі Токаревка кентіне, Қарағанды қаласындағы №83 мектеп пен бір көшеге беріліп, ескерткіш мүсіні қойылды.

Жазушының мерейтойына еліміздің түпкір-түпкірінен қонақтар келді. Мәдениет үйінде өткен салтанатта Бұқар жырау аудандық мәслихатының хатшысы А.Әлиев, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ә.Әлімбаев, жазушының нағашысы Ә.Құсауинов пен немересі М.Құрманғалиева қаламгер еңбектеріне тоқталып, қаламгер туралы деректер айтты.

Келесі кезекте аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, сахна шымылдығын «Эдельвейс» үлгілі хореографиялық ансамблі «Менің Қазақстаным» композициясымен ашып, жүргізушілер Е.Қалиев пен Б.Құдайберген көрермендерге жазушы өмірінен тың деректер келтірді. Зәуре Төлеубаеваның режиссерлігімен «Миллионер» пьесасы сахналанды. Бұдан кейін кенттегі Токаревка тірек мектебінің оқушылары Ғабеңнің ұлағатты сөздерін мәнерлеп оқыса, «Эдельвейстің» бишілері мың бұрала биледі. Ал, Ж.Елжанов пен Р.Жылыбай мерейтой иесіне өлең арнап, балалар саз мектебінің өнер ұжымы күмбірлете күй төгіп, Қ.Талашев, Ж.Хасенова, А.Амантайұлы, отбасылық дуэт Т.Уаш пен А.Бердімұрат, саз мектебі ұстаздарының квартеті әсем әннен шашу шашты. Салтанатты кешті Ақтөбе ауылының әншісі Д.Бөген «Қазақтай ел қайда» әнімен қорытындылады.

Сонымен, халықтың қайнаған ортасынан шығып, Халық жазушысы атанған Ғабиден Мұстафиннің 120 жылдық мерейтойы өз туған жерінде де айрықша аталып өтті.

Ержан ИМАШ

Бұқар жырау ауданы