Құрылтай

Жауапкершіліктің өлшемі

Тарихтың таразысына түсетін сәттер болады. Ондай кезеңдерде қабылданған әрбір шешім уақыт өте келе, тұтас мемлекеттің даму бағытын айқындайды. Қазақстан дәл осындай жауапты белестің алдында тұр. Жаңарған Конституция негізінде қалыптасқан жаңа саяси жүйе енді іс жүзінде сыналады. Сол өзгерістердің маңызды кезеңінің бірі – 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы.

Кез келген мемлекеттің беріктігі экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Оның басты тірегі – заңның үстемдігі, қоғамдық келісім және азаматтардың мемлекет ісіне қатысу белсенділігі. Осы үш ұстаным тоғысқанда ғана орнықты даму қалыптасады. Сондықтан, сайлауды – тек заң талаптарын орындау, я болмаса саяси науқан деу – қате. Бұл – елдің ертеңіне қатысты ортақ жауапкершілікті бөлісудің өркениетті жолы.
Соңғы жылдары Қазақстан қоғамдық-саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Конституциялық реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға бағытталды. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – халықтың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, саяси институттардың тиімділігін арттыру және қоғамдық сенімді күшейту. Мұндай реформа өмірде қалай жүзеге асатынымен бағаланады. Ал, оны айқындайтын маңызды тетік – сайлау. 23 тамызда елімізде алғаш рет жаңа конституциялық модель аясында Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл саяси науқанның тарихи маңызы да осында. Алдағы бес жыл бойы заң шығару қызметін жүзеге асыратын 145 депутат осы сайлау арқылы анықталады. Олар қабылдайтын заңдар елдің әлеуметтік саясатына, экономикалық дамуына, кәсіпкерлікті қолдау тетіктеріне, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына, еңбек қатынастарына және азаматтардың құқықтарын қорғауға тікелей ықпал етеді. Бұл жолғы сайлаудың өзіндік ерекшелігі бар. Азаматтар жекелеген кандидаттарға емес, саяси партиялардың бағдарламаларына дауыс береді. Демек, басты назар тұлғаларға емес, нақты ұсыныстарға, елдің болашағына қатысты көзқарастар мен бастамаларға аударылады. Мұндай жүйе саяси партиялардың жауапкершілігін арттырып, олардың қоғам алдындағы міндетін күшейте түседі. Саяси мазмұнға, нақты жоспарларға негізделеді. Заң шығару қызметі – мемлекеттің даму бағытын айқындайтын негізгі тетіктердің бірі. Қандай заң қабылданатыны, оның қоғам өміріне қалай әсер ететіні, халықтың әлеуметтік жағдайына қандай өзгеріс әкелетіні – мұның бәрі Құрылтай жұмысының сапасына байланысты. Бұл сайлау келешек ұрпақтың өміріне ықпал ететін маңызды шешімдердің бастауына айналмақ.
Қазақ халқы үшін Құрылтай ұғымы ежелден қасиетті. Ел басына күн туған шақта игі жақсылар бас қосып, мемлекет тағдырына қатысты ортақ мәмілеге келген. Сол тарихи дәстүр бүгінде жаңа мазмұнмен жалғасып отыр. Қазіргі Құрылтай – заманауи заң шығару институты. Атауы ұлттық тарихпен сабақтас болғанымен, міндеті тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесін жетілдіруге бағытталған. Бұл – ұлттық құндылық пен заманауи мемлекеттік басқарудың табиғи үндестігі. Әлемдегі геосаяси ахуал күн сайын өзгеріп жатқан кезеңде ішкі тұрақтылықтың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Экономикалық сын-қатерлер, жаһандық бәсекелестік, жаңа технологиялар мен халықаралық үдерістер мемлекеттен де, қоғамнан да тың шешімдерді талап етеді. Осындай жағдайда ел ішіндегі татулық пен саяси тұрақтылықты сақтау – бәріне ортақ міндет. Тұрақтылықтың берік негізі – заңға құрмет, ашық диалог және азаматтық белсенділік.
Сайлау мәдениеті де бір күнде қалыптаспайды. Ол – ұзақ жылдар бойы орнығатын қоғамдық құндылық. Мемлекет тағдырына бейжай қарамайтын, қоғамдық үдерістерге белсенді араласатын ел ғана тұрақты дамуға қол жеткізеді. Дауыс беру – жеке адамның ортақ іске қосқан үлесі. Бұл таңдау арқылы халық өз көзқарасын білдіреді, мемлекеттік саясаттың бағытын айқындауға қатысады. Әрбір тарихи кезеңнің өз жауапкершілігі болады. Бүгінгі буынның міндеті – тәуелсіз Қазақстанның жаңа даму кезеңіне берік негіз қалау. Бұл жолда қабылданатын әрбір заңның, жүзеге асатын әрбір реформаның сапасы заң шығарушы органның жұмысына байланысты.
Елдің өткенін таразылап қана қоймай, келешегіне бағыт-бағдар беретін кезең ретінде есте қалмақ. Сайлауға қатысу – мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына деген жанашырлықтың көрінісі. Ал, жаңарған Қазақстанның келешегі әрбір азаматтың саяси мәдениетіне, жауапкершілігіне және ортақ мүддеге деген адалдығына сүйенеді.

Жамал АКПАРОВА
“Ortalyq Qazaqstan”

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button