Құжаттар онлайн түрде беріледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасына сәйкес, елімізде короновирустың таралуына жол бермеу мақсатында барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы онлайн режиміне көшті. Азаматтар қызметтерді тек электронды түрде алады. 30 наурыздан бастап, Қарағанды қаласында дайын құжаттарды беру үшін – Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы мен Шахтерлер даңғылы, 5/2 үй мекен-жайында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығы, яғни екі орталық жұмыс істеуде. Осы және өзге де маңызды мәліметтер туралы баспасөз мәслихатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аймақтық филиал басшысының орынбасары Гүлмира СҮЛЕЙМЕНОВА айтты.

Мамандардың айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылғалы бері 750 мыңға жуық қызмет онлайн түрде көрсетілген. Туындаған проблемаларды уақытында шешу үшін аталған саланың мамандарынан құралған арнайы топ жасақталыпты. Сондықтан да, тұрғындар қызметтерге онлайн қол жеткізу барысында қиындық туындаған жағдайда 1414 нөміріне, ал, әлеуметтік сала қызметтері бойынша 1411 нөміріне хабарласып, кеңес алуына болады.

Кейде қоңырауға жауапты ұзағырақ күтуге тура келеді. Өйткені, мамандар бәріне жауап беріп үлгермей жатады. Қазірде тәулігіне 500 мыңнан аса қоңырау келіп түседі, бұл – рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар, аймақтағы әр қалада бір халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Egov.kz порталында дайын құжаттарды беруге арналған мемлекеттік қызметтің 23 түрі қол жетімді. Мамандандырылған орталықтарда да азаматтар жүргізуші куәлігін жаңарту немес көлікті қайта рәсімдеу сияқты қызметтердің дайын құжаттарын құжаттарын электронды түрде алуға болады, – деді Гүлмира Арынқызы.

Тұрғындардың уақытын үнемдеу мақсатында ел бойынша осы саланың 1800 қызметкері қосымша қызметке тартылған. Олар халыққа қызметтерді онлайн алуға қөмектеседі.

Гүлмира Сүлейменованың айтуынша, 1414 нөміріне мемлекеттік қызметтер мен электрондық қолтаңба алу қызметтері бойынша ғана хабарласу керек. Себебі, орынсыз сұрақтармен мазалайтындар да кезедеседі екен.

Ал, компьютермен, интернет желісімен қамтылмаған отбасылардың мәселесі қарастырылуда, жақын арада шешімін табады. Төтенше жағдай кезінде жұртшылықты сабырлылыққа шақырамыз. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 80%-ы электронды форматта қол жетімді. Түсінбей жатқан жерлеріңізді асықпай сұрап, бар қызметке үйде отырып қол жеткізіңіздер, – деді ол.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында әлеуметтік сала да назардан тыс қалмады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аймақтық филиал басшысының орынбасары Елена Шарафудинованың айтуынша, осы уақытқа дейін еңбекке жарамсыздық парағын алмай, мүгедек баланы күту үшін үйде отырған аналар, балаға және мүгедек баланы күтуге арналған екі жәрдемақы ала алады.

«Декреттік демалысқа шығу кезінде берілетін еңбекке жарамсыздық парағын онлайн түрде де алуға болады және жүктілік пен төлемдер бойынша есептеу жүргізіледі. Келесі баланы туғанда бір реттік және бір жасқа дейінгі жәрдемақы беріледі. Барлық төлемдерге өтінімдерді egov.kz порталында беруге болады. Біз оларды жиып, қажетті жұмыстарды атқарамыз» – деді ол.