Саран

Жат ағым жарға жығады

Жуырда республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің ұстаздар және студенттер қауымымен кездесті.
Жиында дәстүрлі емес, жат діни ағымдардан сақтанудың жолдары, Қазақстандағы дінаралық және конфессияаралық диалог пен келісім жайында сөз қозғалды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Әйелдер-қыздар» секторының меңгерушісі – А.Тілегенова, «Қоғамдық процесстерді зерттеу және сараптау орталығы» қоғамдық қорының директоры – Т.Мұстафина, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері – К.Жұмабеков, Қазақстан Халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің мүшесі, Бітімгерлер Достастығының мүшесі, Қарағанды облысының «Солдат аналарының комитеті» кеңесінің төрағасы М.Фатеева баяндама жасады.
Алғашқы болып сөз алған Саран қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғ.Төртбаева бейбітшілік пен тыныштық, азаматтық келісім, діни төзімділік, түрлі мәдениет өкілдерінің қоғам өміріне араласуының тең құқылығы сияқты құндылықтардың тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық саясатымыздың іргетасына айналғандығын айтты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасына қысқаша тоқталып өтті. Қазіргі уақытта қоғамдық және діни бірлестіктердің пікірлері ескеріле отыра толықтырулар енгізіліп жатқан «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын тілге тиек етті.
Аталған тұжырымдаманың басым бағыттарының бірі азаматтық қоғам институттарын тарта отыра тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру болып табылатындығын жеткізді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Кеңес Нарынбайұлы – дінаралық және конфессияаралық диалог пен келісімді нығайтудағы Қазақстан Халқы Ассамблеясының рөліне жіті тоқталып өтті.
Сонымен қоса, Қарағанды облысының «Солдат аналарының комитеті» кеңесінің төрағасы М.Фатеева радикалды діни ағымдардың таралу қаупінің алдын алу мен дінаралық, конфессияаралық келісімді нығайтудағы басымды бағыттардың бірі – жастардың патриоттық тәрбиесі туралы сөз қозғады.
ҚМДБ-ның «Әйелдер-қыздар» секторының меңгерушісі, белгілі исламтанушы Ақбөпе Қанатқызы іс-шараға қатысушыларға, әсіресе жас буын өкілдеріне заманның ағымынан қалыс қалмас үшін жан-жақты білімді әрі парасатты болу керектігін атады.
Өз кезегінде «Қоғамдық процесстерді зерттеу және сараптау орталығы» қоғамдық қорының директоры Т.Мұстафина радикалды діни ағымдардан сақ болуды ескертіп, қажетті ақпарат берді.
Келелі кездесуге айналған іс-шараның соңында Саран қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Әнуарбекқызы республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне алғыс білдірді. Бұдан кейін ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Ақтас кентіндегі жергілікті халықпен жүздесті.

Өз тілшімізден.

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button