Тұрғындар фандоматтар арқылы 5 миллионнан астам бөтелке мен банка жинады
Қазіргі уақытта Астана, Алматы, Көкшетау, Ақтөбе және еліміздің басқа да қалаларында 46 фандомат орнатылған. Олар сауда орталықтарында, кеңселерде, мектептерде және қоғамдық орындарда, соның ішінде Астананың Орталық саябағында орналасқан. Фандоматтардың осылай орналасуы тұрғындарға бөтелке мен банкаларды жұмысқа бара жатқанда, сауда жасау немесе серуендеу кезінде ыңғайлы тапсыруға мүмкіндік береді.

Жоба қалдықтарды бөлек жинау жүйесін дамытуға бағытталған және Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының мақсаттарына сай келеді. Sparklo мен «Жасыл даму» АҚ арасындағы ынтымақтастық қайталама шикізатты тапсыруды тұрғындар үшін қолжетімді етіп, қалдықтарды қайта өңдеуге жіберу әдетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Фандоматтар машиналық оқыту технологиясының көмегімен пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды автоматты түрде таниды. Тапсырылған ыдыс үшін пайдаланушылар Sparklo мобильді қосымшасында ұпай жинайды. Жиналған ұпайларды бағдарлама серіктестері ұсынатын жеңілдіктер мен бонустарға айырбастауға болады. Мұндай ынталандыру жүйесі тұрғындарды қалдықтарды бөлек жинауға тұрақты қатысуға ынталандырады.

Желіні дамытуға қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау операторы Zero Waste компаниясы да қатысуда. Оның қатысуымен 9 фандомат орнатылды. Тағы 5 фандоматты жергілікті серіктеспен бірлесіп Ақтау қаласында орналастыру жоспарланып отыр.

Алдағы уақытта «Жасыл даму» АҚ мен Sparklo жобаның географиясын кеңейтіп, фандоматтар санын арттыруды жоспарлап отыр. Бұл тұрғындарға күнделікті бағыттарында пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды ыңғайлы жерлерде тапсыруға көбірек мүмкіндік береді.
Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ




