Жастық оты жалындап…
Ә.Сағынов атындағы техникалық университетінде жастар арасындағы облыстық XIX спартакиада өтті. Оған өңірдегі жеті жоғары оқу орнынан 300-ден астам студент қатысты. Қатысушылар 14 спорт түрінен бақ сынап, өзара мықтыны анықтады. Спартакиаданың ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қатысып, ақжарма тілегін білдірді.
Спартакиаданың мақсаты – жастарды спортқа баулу. Ережеге сәйкес әр оқу орнынан келген қатысушы тек спорттың бір түрінен ғана қатысты.
– Жыл сайын осы спартакиадаға барлық жоғары оқу орындары қатысады. Ал, спартакиаданың ашылу салтанаты өтетін орын жыл сайын ауысады. Оны жеребе арқылы анықтаймыз. Былтыр спартакиаданың ашылу рәсімі Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде өткен еді. Биылғы спартакиада ойындарының қатарына жүзу спортын енгіздік. Әрі жыл сайын ойын түрлерінің қатарын толықтырамыз, – деді Қарағанды бұқаралық және балалар спортын дамыту орталығы басшысының орынбасары Талғат Абдишев.
Ә.Сағынов атындағы техникалық университетінің студенттерінен құралған волейбол командасы жыл сайын жүлдегерлер қатарынан түспей келеді. Мәселен, өткен жылы ІІ орын иеленіпті. Ал, команда мүшесі Алтынбек Дильманов биыл спартакиадаға екінші мәрте қатысып отыр. Өзі облыстық волейбол командасының капитаны екен.
– Алғашқы жылы командамызбен ІІ орынды иеленген едік. Жалпы, өз басым осы спорт түрімен бала кезімнен шұғылданамын. Түрлі байқаулардың жүлдегерімін. Әрі «Үздік спортшы» аталымын да жеңіп алғанмын. Сабақтан тыс уақытта аптасына екі мәрте дайындаламыз. Осы байқауға дайындық жоғары, – деді ол.
ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының таңдаулысы Сабыржан Сержанұлының мұндай спартакиадаға алғаш рет қатысуы екен.
– Бұл – жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Спорт дамуға мүмкіндік береді. 10 жыл бойы еркін күреспен шұғылданамын. Түрлі байқауларда топ жардым. Ел де, жер де көрдім. Академия атынан гір тасын көтеруге шықтым, – деді спортшы.
Жарыс қорытындысы бойынша Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің командасы жалпыкомандалық есепте топ жарды. Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ студенттері ІІ орын иеленсе, үздік үштікті Қарағанды медицина университетінің студенттері түйіндеді.
Лаура АМАНТАЙ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу
университеті журналистика бөлімінің IV курс студенті
Сурет ұйымдастырушылардан