Бас тақырыпОблыс әкімі

«Жастар үшін» керуені жолға шықты

Аймағымызда Елбасы жариялаған «Жастар жылына» орай ілкімді шаралар атқарылуда. Соның бірі – күні кеше Тәуелсіздік алаңында «Жастар үшін» аймақтық қозғалысының бастау алуы.

Салтанатты шара облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбайдың құттықтау сөзімен ашылды. – Бұл жоба аясында облысымыздан шыққан танымал тұлғалармен кездесулер мен жастардың кәсіп ашуына қолдау көрсету көзделіп отыр. Осы орайда облысымызда әрқайсысының сомасы 500 000 теңге құрайтын 700 грант таратылмақ. «Жастар үшін» жобасына қатысушыларға алғыс айта отырып, сәт сапар тілейміз, – деді Мирас Жанатбекұлы.

Сондай-ақ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Қуат Төлеуханов, Саран қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Әлібек Рахымжанов лебіздерін білдірді.

Жоба шеңберінде облыс елді мекендеріндегі жастар қауымымен кездесу өткізу, еркін сұхбат құру да жоспарланған. Сондай-ақ, қозғалыс құрамындағы мамандар мемлекеттік қолдаулар мен бағдарламалар жөнінде толыққанды ақпарат береді. Жалпы, атқарылатын шаралар жастардың жұмыспен қамтылуына, жеке кәсіп ашуына және баспаналы болуына септігін тигізері сөзсіз.

Жылжымалы топтың құрамында мемлекеттік мекемелер мен «Даму» қорының өкілдері, «КазАгро» қаржылық институтының, «Жас Отан» жастар қанатының, банк құрылымдарының өкілдері мен белсенді жастар бар.

«Жастар үшін» облыстық қозғалысы өз жұмысын Теміртау қаласынан бастады. Одан кейін бекітілген жоспарға сәйкес, барлық аудандар мен қалаларға жол тартпақ.

Сонымен қатар, жоғарыдағы аталғандардан бөлек жаңа жобаларды іске қосу жайы да жоспарлануда. Атап айтсақ, «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен жастарға грант беріледі, кәсіпкерліктің негізін оқытатын «Бастау бизнес» жобасы жас буынға ерекше бет бұрады. Ал, «Жас маман» жобасы аясында жаңа форматта мамандар дайындалатын болады. Осы мақсатта алдыңғы қатарлы оқу орындарымен тығыз жұмыс жасалмақшы.

Облыста Жастар жылына орай жалпы алғанда 160-қа жуық қоғамдық маңызы бар жобалар жүзеге асырады деп жоспарлануда. Басым бөлігі әлеуметтік қолдауға бағытталып отыр.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button