Бас тақырыпЖаңалықтар

Жастарға жүктелген сенім зор

Жастарға тән өзекті мәселенің бірі – жоғары оқу орнын бітірген түлектердің жұмысқа орналаса алмауы. Оған қоса, оқу орындарының нарық талабына сай маман дайындауға қабілетсіздігі, жұмыс берушілердің талап-үдесінен шықпауы да жығылғанға жұдырық болып тұр. Сондықтан, Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде білім мәселесіне тағы да баса назар аударды. Елбасы «Білім берудегі реформалар логикалық нәтижелерге әкелуі керек. Бұрын тапсырғанымдай, әрбір аймақта кем дегенде 1 озық университет пен 10 заманауи колледж жұмыс істеуі керек. Оқу орындарының тиімділігінің негізгі критериі түлектерді жұмысқа орналастыру болып табылады» деді.

Президент бұған дейінгі «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында да жастарды кешенді қолдауды мемлекеттік саясаттың басты басымдығы ретінде айқындап берген.

«Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік мекемесінің мәліметіне сүйенсек, 2015 – 2018 жыл аралығында Қарағанды облысында жоғары оқу орнын бітіруші түлектердің жұмыспен қамтылған үлесі орташа есеппен 85%. Соған орай, облыстағы жастардың жұмыссыздық деңгейі 2018 жылы 5,0%-дан – 4,6%-ға (0,4%) төмендеген. Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары 2018 жылы 23 727 жастың жұмыспен қамтылғанын айтады. Оның ішінде, 15 975 адам – мемлекеттік қолдау шараларынан тыс жұмысқа орналасса, 1236 адам қысқа мерзімді оқуға жіберілген. 700-і техникалық және кәсіптік оқуға жолдама алған. Ал, 682 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыпты. 356 жас азамат әлеуметтік жұмысқа орналасса, 1232сі жастар тәжірибесі арқылы тұрақты жұмыс тапқан. 3080 жас буын өкілдері басқа да қоғамдық жұмыстарға атсалысқан. «Нәсібім – кәсібімнен» дейтін 203-і шағын несиені құп көріп, 3 адам грант алған.

Грант демекші, сауалнама нәтижесі жастардың жеке кәсіп ашуды немесе мемлекеттік қызметке орналасуды мәртебе санайтынын көрсетті. Олар мемлекет тарапынан белгіленген бағдарламалар шеңберінде іске асырылған жобалар арқылы жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасалғанын жақсы біледі екен. Бүгінде облыста мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасқан 260 жас бар. Өз ісін бастағандар да жоқ емес. Мәселен, Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінің жас кәсіпкері Жандос Қоңысбаев 2014 жылдан бері «Жылыжайда қияр және қызанақ өсіру» жобасын табысты жүзеге асыруда. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Жылыжайда құлпынай өсіру» жобасына грант берілген. Осыған ұқсас жобалар облыстың басқа аймақтарында да қолдаусыз қалмапты. Көбісі Жандос секілді қосымша кәсіпкерлік негіздерін арнайы курстардан оқиды. Ал, әлеуметтік маңызы бар «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы өткен жылы 338 жас маман ауылға барыпты. Оның ішінде білім беру, мәдениет, медицина, ветеринария, агрономия саласын таңдағандардың саны – басым. Ал, Қарағанды облысында осы мамандықтарды оқытатын 9 жоғары оқу орны бар болса, оның 5-еуі мемлекет меншігінде. Сол университеттер 2018–2019 оқу жылында 13,6 мың студентті қабылдап, 10,2 мың білікті маманды дайындап шығарды. Мемлекеттік білім беру гранттары есебінен 14,4 мың адам білім алатынын айта кеткен жөн.

Республикадағы алдыңғы қатарлы білім беретін үздік үштіктің бірі – Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де жыл сайын сегіз бағыт бойынша 3 мыңнан астам түлек білім алып шығады екен. Бұл – бакалавриаттың 80 мамандығын және магистратураның 50 мамандығын, сондай-ақ докторантураның 12 бағдарламасын қамтиды деген сөз. ҚарМУ-дың мансап және жұмысқа орналастыру орталығының басшысы Гүлжан Тиышмағанбетованың айтуынша, оқу орнының талабы бойынша жұмысқа орналасқан түлектердің кәсіби өсуі университеттің рейтингін көтереді. Әсіресе, жұмыс берушілермен байланысты нығайту – күн тәртібінде. Түлектердің жұмысқа орналасуға қызығушылығын арттыру мақсатында семинарлар және тренингтер өтеді. Сол сияқты Қарағанды экономикалық университетінің оқытушылары түлектердің 85 пайызы жұмыспен қамтылғанын айтады. Биыл 2358 түлектің сұранысы бойынша мемлекеттік және жекеменшік мекемелермен бірлесіп, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізіпті.

Жалпы облыстың әрбір бесінші тұрғыны 14 пен 29 жастағы жас азамат екенін ескерсек, олардың әлеуметтік тұрғыда дамуы үшін қала-аудандарда 18 аймақтық жастар ресурстық орталықтары жұмыс істеп тұр. Өткен жылы аймақ жастарын салауатты өмірге баулып, дұрыс мамандық таңдау жолын көрсету мақсатында облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы 4826 іс-шара өткізген. Оған 243 мың жас азамат қатысқан. Басқарма мамандары әлеуетті жобаларды жүзеге асырып, оны халыққа жарнамалау, жастардың келешегі кемел бағытқа бет бұруға әсер ететінін айтады.

Басқа материалдар

Back to top button