Жасанды интеллект — қолданыста

Экономиканы ілгерілетуші сала ретіндегі жасанды интеллект тиімді қолданысқа енуде. Облысымызда да аталмыш жобаны енгізу табысты жүзеге асырылуда. Бұл – сервистік модель ұстанымы бойынша медициналық бейнелерді өңдейтін, сақтайтын PACS жүйесі. Сондай-ақ, деректерді онлайн бере отырып, жылумен жабдықтау және электр энергиясы қызметтерінің сапасын мониторинг жүргізу жүйесі де бар. Сумен жабдықтау қызметтері де жақында осы тәсілге көшуді жоспарлап отыр.

Көрнекті сурет

Облыста цифрландыруды дамыту барлық стратегиялық бағыттарды қамтиды. Денсаулық сақтау саласында медициналық ұйымдар бірыңғай ақпараттық алаңда жұмыс істейді. «Білім ал» бірыңғай ақпараттық жүйе кешені бар, оған облыс мектептері 100% қосылған. Мектептер электронды мектеп журналын жүргізеді, 1 сыныпқа қабылдау жүйесі автоматтандырылған.
– Ауыл шаруашылығында «Смарт ферма» және егіншілік эле¬менттерін енгізуге қатысты пилоттық жобалар іске қосылды.Құрылыс саласында облыстың барлық инженерлік коммуникацияларының 51%-дан астамы цифрландырылды. Экология саласында Қарағанды, Теміртау, Балқаш және Жезқазған қалаларының атмосферасын ластаушы заттарға мониторинг жүргізу үшін 10 есептегіш орнатылды. Биыл тағы 20 газ талдағыштар орнатамыз, – дейді облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Рүстем Байжанов. Сондай-ақ, қауіпсіздік үшін жыл соңына дейін «Қауіпсіз қала» және «Қауіпсіз аула» жобалары жүзеге асырылады.
Облыста «Цифрлық Жібек жолын» дамыту аясында жыл соңына дейін кең жолақты интернетке 31 ауылдық елді мекен, ал төртінші буындағы ұялы байланысқа 53 елді-мекен қосылады. Сондай-ақ, 8 млрд. теңгеден астам жеке инвестициялар тарту арқылы Қарағанды және Жезқазған қалаларында деректерді өңдеу орталығын салу жоспарда бар.

Өз тілшімізден.