Жасампаз елдің жігерлі жастары
Жуырда Қарағанды қаласындағы №102 мектеп-гимназиясында қорғаныс-бұқаралық және әскери-патриоттық айлығының ашылу салтанаты өтті.
Негізі, Қарағанды қаласының білім беру мекемелері ұл-қыздардың бойындағы отансүйгіштік қасиетін ұштауға бағытталған жұмыстарды жүйелі жолға қойған. Мәселен, облыс орталығындағы №77 мектеп-балабақша кешенінде Тоқтар ӘУБӘКІРОВ атындағы кадет сыныбы бар. Осыдан бір жыл бұрын Батыр ағамыз аталған білім ордасына арнайы келіп, жас ұландардан ант қабылдағанын «Орталыққа» жазғанбыз.
Бұл жолғы дәстүрлі шараның да негізгі мақсаты – жас буынның бойындағы патриоттық рухын дамыту. Рәсімге Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ирина Любарская, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, мемлекеттік мекемелер, әскери бөлімдер және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.
Ашылу салтанатын ұйымдастыруға Қарағанды қаласы әкімдігінің жастар ресурстық орталығы мұрындық болды.
Орталық директоры Бақтияр Бекмұрзаевтың айтуынша, өткізілген рәсімнің ерекшелігі – бейбіт өмірдің құндылығын насихаттауында. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар мұндай шараның жас буынға тың серпін береріне сенімді. «Мәселен, қорғаныс-бұқаралық және әскери-патриоттық айлығының ашылуы биыл жаңа білім ошағының атриумында өтті. Мұның өзі жастарды жігерлендіріп, бойларына күш-қуат дарытатыны сөзсіз», – деді Бақтияр Бекмұрзаев.
Шара барысында 102 мектеп-гимназиясының оқушылары əн шырқап, «Волшебная страна» ансамблінің бишілері би биледі. Ал, №77 мектеп-балабақша кешенінің ұландары патриоттық қойылымын паш етіп, көпшілікті тамсандырды.
«Жаңадан ашылған білім ошағы болғандықтан, ұйымдастыру шараларына жіті көңіл бөліп келеміз. Бастысы, мектеп оқушылары айлықтың ашылуынан өте керемет әсер алды. Іс-шара жоғары деңгейде өтті.
Кеше, дүйсенбі күні әрбір сыныптағы тәрбие сағаттарында балалар осы шара туралы ойларын ортаға салды, сезімдерімен бөлісті. Алдағы уақытта да патриоттық шараларды жүйелі өткізуге күш саламыз», – деді №102 мектеп-гимназиясы директорының міндетін атқарушы Нұргүл Жексенбина.
Бір айға жалғасатын шара 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мәреге жетеді.
Әрине, Отанды сүйетін ұрпақ тәрбиелеу – ортақ мүдде. Елдің ертеңі – Мәңгілік елдің мұрагерлері, себебі. Мағжан ақыннан асырып айта алмаспыз…
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!
Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн!
Қуаныш Аманқұлов
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.