Жас сарбаз ел ертеңіне сенеді
Приозерск қаласындағы №230 Құрылтай сайлау учаскесінде Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген 18 жастағы сарбаз Мадияр Серікбай алғаш рет дауыс беріп, азаматтық таңдауын жасады.

06708 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген жас сарбаз үшін бұл күннің орны бөлек. Әскери тәртіп пен ел алдындағы жауапкершілікті қатар сезініп жүрген Мадияр Құрылтай сайлауына қатысуды азаматтық парызым деп біледі.
– Бүгін мен үшін ерекше күн. Бір жағынан Отан алдындағы борышымды өтеп жүрген сарбазбын, енді, міне, елімнің болашағына қатысты маңызды таңдауға өз дауысымды қосып отырмын. Алғаш рет дауыс беру — үлкен жауапкершілік. Еліміздің ертеңі жарқын, халқымыздың бірлігі бекем болсын. Өз елімнің дамуына әр азамат өз үлесін қосуы керек деп ойлаймын, — дейді жас сарбаз.
Әскери формадағы Мадиярдың Құрылтай сайлау учаскесіне келіп, алғаш рет дауыс беруі – ел қорғаны болып жүрген жас ұрпақтың азаматтық ұстанымының айқын көрінісі болды. Қолына қару алып, Отан тыныштығын күзеткен сарбаздың бүгінгі таңдауы да туған елінің ертеңіне деген сенімнен туған қадам.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan
ПРИОЗЕРСК



