«Zhas Project» жобасы басталды

Қарағанды облысында «Zhas Project» жастар корпусын дамытудың екінші жобасы басталды. Жобаны Дүниежүзілік банк пен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп жүзеге асырады.

– Біздің міндетіміз – жастарға қоғам үшін маңызды және пайдалы әрекеттер жасауға бағыт беру,сенімділіктерін күшейту, сондай-ақ, табысты болашақ үшін платформа құруға көмектесетін өмірлік маңызды дағдыларды дамыту, – дейді Жастар корпусын дамыту жобасының Үйлестіру агенттігінің жетекшісі Вера Ким. «Zhas Project» биыл екі облыста – Алматы және Қарағанды облыстарында бастау алады.

– Бұл өңірлерде жастардың 250 бастамаларын қолдау жоспарлануда. Қатысушылардың әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға 1 000 000 теңгеге дейін грант алуға мүмкіндігі бар, – деді облыстың жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаев. «Zhas Project» 4 компонентті қамтиды: әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға гранттар мен стипендиялар беру, өмірлік маңызды дағдыларды үйрету және жобаларды басқару, жастардың осал топтарымен жұмыс істеу, үйлестіру және ақпараттық жұмыс. 2020 жылдың 1 ақпанынан 1 наурызына дейін 14-29 жас аралығындағы жастар арасында гранттық бағдарламаға қатысуға байқау жарияланады.

2020 жылы қатысушылардың жалпы саны 850 адамды құрайды деп күтілуде. Әлеуетті грант алушылар биылғы жылы кемінде үш ай Алматы немесе Қарағанды облыстарының аумағында тұрақты мекендеуі тиіс. Жобада басымдық оқымайтын, жұмыс істемейтін немесе жұмыс істейтін, бірақ кедейлік шегінен аспайтын жастарға беріледі. Екі өңірдің 250-ге жуық жобасын іріктеу жоспарлануда.

Жобаны жүзеге асыруға – 1 сәуірден 31 тамыз аралығына дейін уақыт беріледі. Осы уақытта қатысушылар ай сайын шәкіртақы алады. Оның көлемі ЖОО түлектері үшін 60 000 теңгені, қалғандары үшін 40 000 теңгені құрайды. Жастардың өз бетінше немесе қабылдаушы ұйым арқылы өтініш беруге мүмкіндігі бар.