АймақТеміртау

Жас мамандарға баспана берілді

Теміртау қалалық әкімдігі жастарға қолдау көрсетіп, жағдай жасауды жалғастырып келеді. Соның жарқын бір көрінісі – жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша 37 жас маманға қайтарма нарықтан сатып алынған пәтерлердің кілтін оларға қала әкімі Ораз Тәуірбековтің өткен аптада салтанатты түрде тапсыруы.

Қала әкімдігінің «Отбасы банк­пен» бірлесе жүзеге асырып отырған бұл «Теміртау жастары» бағдарламасына қатысу үшін 35 жасқа дейінгі Қазақстан азаматы болуы, өзі мен отбасы мүшелерінің осы қалада тұрақты тіркелуі, олардың соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлкінің болмауы, таңдаған қызмет саласында ресми жұмыс өтілі кемінде 1 жыл болғаны зейнетақы шотынан алынған үзінді көшірмесімен расталуы тиіс екен.

Міне, баспана алуға өтініш беріп, жоғарыдағы бағдарлама та­лаптары бойынша іріктеліп, конкурстан өтіп, пәтер кілтін ал­ған 37 адамның арасында білім беру жүйесі 15 өкілі, 9 денсаулық сақтау, 12 техникалық және 1 БАҚ қызметкері бар. Әсіресе, осы бағдарламаға қатысқан бірден-бір журналист, қаладағы ТТК телеарнасы қазақ редакция­сының бас редакторы Арман Әбілхасымның шаттығында шек жоқ. Бұдан 3 жыл бұрын үйленіп, жұбайы және баласымен ата-анасының қолында тұрып келе жатқан 26 жастағы азамат енді аталған бағдарламаның ар­қасында өз алдына 3 бөлмелі пәтерге ие болды.

Арман бұрын тұрғын үй ипо­­­текасын аламын деп қанша оқ­талғанмен, банктердің несие беру пайызы 20 және одан да жо­ғары болуынан, қолдарында төлей қоятын бастапқы жарнаның жоқтығынан да оған батылы бармай, тайсақтап жүрген екен.

– Дәл осы кезде қала әкімдігі жас мамандарға жеңілдетілген ипотекалық несие беретінін естіп, қатты қуандым, – бірақ оны алуға тілек білдірушілер көп болғандықтан көңілімде күдік тұрғаны рас. Дегенмен, сәтін салып, берген өтінішім конкурстық іріктеуден өтіп, кең де жайлы баспаналы болғаныма қуаныштымын, – дейді Арман.

Теміртау қаласында қолға алынған жас мамандарға арнал­ған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы биыл да жалғасын тауып, оған мемлекеттік ұй­ымдардың штаттық қызметкерлері, педагогтар, спортшылар, журналистер, әлеуметтік қыз­меткерлер, мәдениет және «Qarmet» компаниясының өкілдері де қатыса алатын көрінеді.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button