Жас маманға – жайлы жағдай
Облыста ауыл мектептеріндегі мұғалім жетіспеушілігі мәселесі шешімін таппақ. Аудандарға жас педагогтерді тарту мақсатында оларға тұрғынүй беріледі.
2018 жылдың басынан бастап педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орны түлектері облыста 228 пәтерге қол жеткізді. Соның 219-ы ауылдардағы ипотекалық несиелендіру бағдарламасы негізінде баспаналы болды. Ұлытау ауданында – 41, Осакаров ауданында – 33, Шет ауданында – 27 маман тұрғын үй иеленді. 26 пәтерді Жаңаарқа және Бұқар жырау аудандарындағы мұғалімдер алды. 18 педагог Ақтоғай және Нұра аудандарында қоныс тойын атап өтті. 13 пәтер Абай және Қарқаралы аудандарындағы мұғалімдерге берілді.
Тоғыз маман Приозерскідегі, Жезқазғандағы және Абай ауданындағы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алды.
– Осы жылы қыркүйекте Шахтинск шаһарында бос тұрған көпқабатты үйлердегі пәтерлерді қалпына келтіру жөнінде құжаттарды рәсімдейміз. Жалпы ауданы 1100 шаршы метрді құрайтын 15 пәтерді жөндеу жоспарлануда. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұл пәтерлерді күрделі жөндеуден кейін біз жас мамандардың ведомстволық баспанасы ретінде ұсынамыз, – деді облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев.
Ал, ведомстволық пәтерлер пайдалануға берілгенге дейін облыстың білім басқармасы оқытушылар үшін баспана жалданатынын атап өтті. Осы күні облыстағы мектептерде 20 мыңнан астам оқытушы жұмыс істейді. Соңғы үш жылда өңірге 1814 маман келсе, оның 884-і ауылдық мектептерге табан тіреген.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.