Жас буынға жол көрсеткен

Қадірлі «Орталық»! Уақытынан сәл кешіктіріп жолдасақ та бұл жазбамыз мазмұнын жоғалтпайды деп сенеміз. Себебі, Ұлыстың ұлы күні – халқымыздың төл мерекесі.

Дубовка елді мекенінің Мәдениет үйінде «ЮНЕСКО» клубына мүше Дубовка өнер мектебінің вокал сыныбының жетекшісі Рауан АХМЕТОВТЫҢ ұйымдастыруымен келер ұрпаққа өнеге болатын кеш өтті.

Кешті «Наурыз-көктем» әнін құйқылжыта шырқап, республикалық және халықаралық сайыстар жеңімпазы А.Рымтаева мен С.Аминова ашып берді. Сахнаға гүлдей жайнап, әдемі сәукелелері мен топыларын киіп, әсем қыздарымыз шығып, ұстаздары қойған сұрақтарға жауап берді. Киіз үй, домбыра, алтыбақан, құйрық-бауыр, бата беру, асық ойнау, жеті қазына сияқты салт-дәстүріміздің сырына үңілді. Бұдан соң мектебіміздің «Достар» би ансамблінің жоғары топ оқушыларынан құралған қыздар кешімізге ерекше сән берді. Бар білгенін үйретіп, әрқашан оқушыларының қамын ойлап жүретін ұстаз Рауан Абзалбекұлы екі бірдей бірінші сынып оқушылары – А.Ержан мен Г.Каппасовты жанына алып, «Ақбұлақ» әнін нақышына келтіріп, орындап берді.

Көпшіліктің қолқасымен Рымтай әже немересінің бесігін алып келіп, Бесікке салар, отпен аластау ғұрпын көрсетті. Мөлдір, Азамат, Алтынай әпкелеріміз және ата-әжелеріміз қосылып, Қазан шегелеу салтын әдемілеп сахналап берді. Есенғали ақсақал қара домбырасымен күмбірлете ән шырқап, қонақкәде жасады. Әрі қарай бұл шара көрісу салт-дәстүрін сахналаумен жалғасты. Рымтай әже, Күлия әже, Жақсылық әже, Есенғали ақсақал, Сәуле, Жанель, Гүлнәр әпкелеріміз және немере рөлінде Толғанай мен Айдана ойнады. «Құтты болсын әз Наурыз» әнін А.Амангелдина, апалы-сіңілі Адина және Айдана Сұлтанбековалар шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, ата-аналар ұлттық киімдер жайлы жұмбақтар шешті.

Домбыра пәнінен сабақ беретін ұстаздар Нүргүл Балтабайқызы мен Совет Оспанов және ұстазымыз Рауан Абзалбекұлы қосылып, С.Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйін орындап, көрермендерді разы етті.

Балалар арқан тартыс, асық ойнау, қол күресі ойындарын ойнап, жеңімпаздар марапатталды.

Төменгі сынып оқушылары «Қара жорға» биін құлшына билеп берді. Наурызға арналған ән мен жыр да таусылмады. «Наурыз – біздің жаңа жыл» әнін Т.Мұрат, А.Баграмова, А.Бакуазова және И.Есенғали орындап, көрермен алғысын алды.

Қыдыр ата бата берді. Әжелер шашу шашты. Іс-шараны ұстазымыз Рауан Ахметов өзінің жоғары сынып оқушылары, көптеген республикалық және халықаралық сайыстар жеңімпаздары С.Викторовамен және Г.Ержановамен қосылып, «Наурыз-думан» әнімен түйіндеді. Көрермендерге наурыз көже таратылып, дастарқан жайылды.

Біз осындай кешті ұйымдастырған Рауан Абзалбекұлына ризашылығымызды білдіріп, шығармашылық табыс тілейміз.

Дубовка өнер мектебінің ата-аналар ұжымы.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.