Жарты ғасыр жүздеспедік

Сағыныш…
Мен өмірімнің 44 жылын ұрпақ тәрбиесіне арнадым. Мектебім – бақытым, мақтанышым болды. 1968 жылы Нұра ауданының Ынтымақ ауылындағы сегіз жылдық мектепті тәмамдап, бір сыныптан төртеуміз – Рысбала, Айтаңсық, Сағира және мен Саран қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищесіне бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түстік. Студент атанғанымызға биыл жарты ғасыр толыпты. Ол кезде біз 14-15 жаста едік…
І курста отыздан аса студент оқыдық. Оның бесеуі ғана ұл. Әртүрлі себептермен өзге жігіттер ІІ курста оқуды жалғастырмады. Мен жалғыз қалдым. Себебі, әкем Мақажан Байсалов – соғыс ардагері, саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан еді.
Бұл кезеңнің ауыр соққысы сол, ІІІ курста оқыған 1970 жылдың күзіндеде әкем соғыстан алған ауыр жарақаттарының салдарынан дүниеден өтті. Елу жеті жаста еді. Сол қайғының қара бұлты басыма үйірілген шақта сынып жетекшім Б.Тоқбергенов, оқу ісінің меңгерушісі әрі Қарқаралыдан училище көшірілгенде Саранға бірге келген ардагер ұстаз Қ.Әбікенов, училище директоры В.Кепп, математикадан дәріс берген бесобалық С.Баткульдин және курстастарым жанымнан табыла білді.
Замандастарымның сол кездегі адамгершілігі есімнен шыққан емес. Және сол азаматтарға деген ризашылығымды жылдар өткен соң газет бетінде жеткізуді жөн көрдім. Өмірдің соқпағымен жолдарымыз айырылысқан біз кездеспегелі де елу жыл толыпты.
Бүгінде зейнеткермін. Жас ұлғая адам баласы өткеніне көз жүгіртіп, әр ісін саралайтыны көпшілікке аян. «Елу жылда – ел жаңа» деген. Жастық шағымды, студенттік өмірді бірге өткізген замандастарыма жарты ғасырдан соң сағыныш хатымды жолдай отырып, биыл жазда Саран қаласында кездесуге шақырамын. Әлеуметтік желі немесе 87056235742 телефон номері арқылы байланысқа шығайық.

Жақсылық БАЙСАЛОВ,
Қарой ауылының тұрғыны,
ардагер ұстаз.
НҰРА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.