Жаңалықтар

Жарнама тілі жарымжан болмауы тиіс

Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ғимаратында «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасының алғашқы отырысы облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Әбеуованың қатысуымен өтті. Оған сала мамандары, тіл жанашырлары, қоғам белсенділері және волонтерлер қатысты. Іс-шараны облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма жанындағы Ресурстық тіл орталығының тапсырысымен «Жастар» қоғамдық бірлестігі (облыстық жастар мен балалар ұйымдарының одағы) ұйымдастырды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2023 жылғы 15 сәуір мен 25 қараша (8 ай) аралығын қамтиды. Сәйкесінше, жоба 2024-2025 жылдары жалғасын табады.

Бұған дейін осы бағытта облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен жылына төрт рет, яғни әр тоқсан сайын «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық!» атты облыстық айлықтар, түрлі әдістемелік түсіндіру шаралары ұйымдастырылып келеді.

– Облыста көрнекі ақпарат пен жарнама тілін жүйеге келтіру мақсатында 2022 жылы рейд жүргізілген еді. Рейдтен соң 9854 нысаннан 3230 кемшілік анықталып, оның 1129-ы түзетіліп, 1073 алынып тасталды. Биыл осы күнге дейін 1105 нысанға рейд жүргізілді. 2022 жылы кәсіпкерлік нысандарға тіл заңнамалары мен байланыс деректері көрсетілген 9772 ақпараттық парақшалар мен қысқаша сөздіктер, 2023 жылы – 728 парақша таратылды. 2022 жылы кәсіпкерлерге арналған 477 ақпараттық-түсіндіру шарасында (семинар, кездесу, т.б.) 6 690 адам, 2023 жылы 47 шараға 525 адам қамтылды. 2022 жылы кәсіпкерлерге тегін аударма мен әдістемелік көмек көрсету мақсатында құрылған «Жедел желі» қызметі арқылы 5 123 сұранысқа биыл осы күнге дейін облыста 728 сұранысқа жауап берілді, – деді кіріспе сөзінде облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Мірәсілқызы. Сонымен қатар, басқарма басшысы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталып, ұсынысын ортаға салды.

Жиында «Халықаралық қазақ тілі қоғамы Саран қаласы бойынша филиал» төрағасы Береке Жарылғапова Қарағанды қаласында орналасқан мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы ұйымдардың, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» ҚРЗ 21 бабы, «Жарнама туралы» ҚРЗ 6 бабына сәйкестігіне мониторинг жүргізу, 2021 жылғы 29 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.

– Заңдарға енгізілген өзгеріс бойынша, кез келген кәсіп иесі дүкенінің немесе ресторанының атауын өзі ойлап табады. Оның жанындағы қосымша ақпараттарды мемлекеттік тілде жазуы тиіс. Ал, өзге тілдерде (орыс, ағылшын) қосымша ақпараттарды қажет деп тапса ғана іледі. Егер, әкімшілік құқық бұзушылық туралы Заңының 75 бабы сақталмай, деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру жөніндегі талаптар бұзылса, алдымен ескерту, тағы қайталанса, айыппұл салынады. Айыппұл көлемі лауазымды адамдар мен шағын кәсіпкерлік субьектілеріне 5 АЕК, орта кәсіпкерлік субьектілеріне 10 АЕК, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне 20 АЕК көлемінде болмақ, – деп атап өтті Береке Өмірзаққызы.

Жоба 2020 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл төртінші рет қолға алынып отыр. Жоба аясында бұған дейін Теміртау, Саран қалалары қамтылса, биыл Қарағанды қаласында орналасқан 3000-нан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандарды қамту жоспарланған.

Жобаның алғашқы отырысында жұмыс тобы құрамы, көмекші волонтерлер, аудармашы мамандар, ақпарат таратушы маман бекітіліп, тапсырыс беруші тарапынан жоғарыда аталған заңнама талаптары және жобаны жүзеге асыру бағыттары мен тәсілдері туралы түсіндіру жұмысы жүргізілді.

Облыстық жастар мен балалар ұйымдары одағының төрағасы Жомарт Әбіш атқарылатын жұмыстарды атап көрсетіп, құрылған жұмыс топтарын таныстырды.

Бес жұмыс тобы құрылып, жетекшілері бекітілді. Олар – Жомарт Әбіш, Айсұлтан Жақып, Мақсат Бейсенаев, Эльмира Орынбаева, Жазира Есенхан сынды қоғам белсенділері. Бес жұмыс жетекшісіне 20 волонтер тартылды. Жоба аясында Бақытгүл Мәту есімді журналист және Ұлдархан Бөрібаева, Кәмшат Танашева есімді екі аудармашы қызмет атқарады. Әр жұмыс тобы 600 қоғамдық нысанды аралайды.

Атап айтсақ, жұмыс топтары кәсіпкерлік нысан қызметкерлерін қазақ тілінің қысқа мерзімді курстарына тарту, жарнама және көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі қателерді анықтау, түзету және аударма бойынша әдістемелік көмек көрсету, тұтынушыларға қызмет көрсету барысында орын алатын тілдік шиеленістердің алдын алу міндетін атқарады.

Жоба аясында «Сауатты жарнама – сауатты кәсіпкер» акциясы ұйымдастырылды.

Жиынға қатысушылар көрнекі ақпарат пен жарнама тілін безендіру бағытындағы орын алған қателерге тоқталып, шешу жолдарын ұсынды. Онда кәсіпкерлік нысандар мен мемлекеттік мекемелердің әлеуметтік желідегі парақшаларын қазақшалау, қала көшелеріндегі жарнама экрандарының кәсіпкерлер қарамағында екендігі және басқа да өзекті мәселелер ортаға салынды. Абай ауданы бойынша «Парасат» қазақ тілі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлжәмила Әзбай банкоматтардың тілін қазақшалап, банкке немесе басқа да қызметтердің жедел желісіне қоңырау шалғанда тіл таңдаудың қате екендігін, Қазақстанда барлық жедел желілер тіл таңдау туралы сұрақтың өзін қазақша қою керек екенін алға тартты.

«Атамекен» кәсіпкерлік палатасының облыстық филиалынан, Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан, Денсаулық сақтау басқармасынан мамандар жиынға қатысып, болашақта бірге жұмыс атқаратынын жеткізді.

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button