Бас тақырыпЖаңалықтар

Жарна көлемі өсуде

Аймақтың 4 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғыны медициналық сақтандыру жүйесіне бірыңғай жиынтық төлем жарнасын (БЖТ) аударған.

Олардың қатарын репетиторлар, күтушілер, жеке қосалқы шаруашылықтардың иелері мен басқа да өз бетінше жұмыспен айналысушылар құрап отыр.

Осы санаттағылар ай сайын 2651 теңге (қала тұрғындары үшін 1 АЕК) және 1326 теңгеден (ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК) төлейді. БЖТ тұрақты төлегендер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен қатар, консультациялық-диагностикалық қызметтер мен жоғары технологиялық операцияларды қарастыратын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетіне де тегін қол жеткізеді.

Жеке тұлғаларға қызмет көрсететін, жеке қосалқы шаруашылық өнімін және өз өндірісінің өнімін сататын, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген және жалдамалы қызметкер еңбегін пайдаланбайтын азаматтар БЖТ төлеушісі бола алады.

Ал, сауда орталықтарының, дүкендердің аумағында сауда жасайтын, бөлімдерді жалға алатын, мүлікті жалға беретін (тұрғын емес) тұлғалар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар және тіркелген жеке кәсіпкерлер БЖТ төлеушісі болып танылмайды.

Бірыңғай жиынтық төлемі зейнетақы аударымына 30%, медициналық сақтандыру қорына 40%, әлеуметтік сақтандыруға 20%, жеке табыс салығына 10% көлемінде бөлінеді.

Оны банктер, «Қазпошта» АҚ кассалары мен Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы төлеу керек.

«Сақтандырылған» мәртебесі төлемді үш ай тұрақты төлегенде пайда болады. 2020 жылдың 31 наурызына ел азаматтары «шартты түрде сақтандырылған». Кейін, ол мәртебе төлемнің тұрақтылығына байланысты болып, мұнда өтіп кеткен кезең үшін БЖТ төлеуге болмайды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button