Қарағанды

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ БАСТАУЫ

   Елбасының бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында 23 қарашада «Қарағанды қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ №11 филиалында «Латын әліпбиі – жарқын болашақтың бастауы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты – қазақ жазуының тарихына шолу жасау, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін таныстыру, латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын түсіндіру.

Аталмыш шараға Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті М.Тұрсынова, ҚарМУ доценті З.Әбдрахманов, Қарағанды облысының жастар  ресурстық орталығының маманы, ақын Қ.Асқаров және «Болашақ» колледжінің студенттері қатысты.

Алғашқы сөз кезегін алған филология ғылымдарының кандидаты Мархаба Тұрсынова латын графикасына көшуде мемлекеттік тілдің орны, айтылу ерекшеліктері мен тигізер әсері туралы ой бөлісті. Қазақ жазуының латын графикасына көшуін рухани жаңғыруымыздың жарқын бір көрінісі дей келіп, осы мәселеге қатысты студент жастармен біріге отырып, ой таластыруымыздың маңыздылығын атап өтті.

– Жастар үшін латын әліпбиін үйрену қиындық тудырмайды. Латын әліпбиіне оралу біз үшін экономикалық, саяси, мәдениет жағынан оң өзгерістер алып келіп, тәуелсіз еліміздің беделін одан сайын арттыра түседі. Латын графикасына көшу тілдің әлемдік мәдениетке жақындауының алғашқы қадамы екенін баса айтты, – дейді Қарағанды облысының жастар  ресурстық орталығының маманы Қайрат Асқаров.

Қазақ жазуының тарихына шолу жасаған Зикирия Әбдрахманов «Бір әріптің өзін бірнеше таңба арқылы беретін араб тілін біздің ата-бабаларымыз еркін меңгеріп, кең қолданған. Сондықтан да, қоғамдық қажеттілік болса, кез келген әліппені үйреніп алуда кедергі болмайды», – деді.

Шараға қатысушы студенттер латын әліпбиіне қатысты өзіндік пікірлерін айтты.

Оқырмандар назарына арнайы жасақталған «Тіл тұғыры – әліпби» атты кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеге қазақ жазуының тарихы туралы әдебиеттер, 25 таңбадан тұратын жаңа әліпбидің нұсқасы, латын әліпбиіне қатысты баспасөз беттеріне жарық көрген мақалалар қойылған.

Шара қонақтары латын графикасына көшу рухани жаңғыруымыздың жарқын бір көрінісі дей келіп, мұндай құндылықтардың болашақта өздерінің қажеттіліктеріне пайдалану мүмкіндіктері бар екенін ризашылықпен жеткізді. Латын әліпбиінің қазақ тілін дамытудағы маңыздылығы, өзектілігі жайы жан-жақты талқыланды.

 Анар ЫДЫРЫСОВА,

      Қарағанды қаласы

орталықтандырылған кітапханалар жүйесі

№11 кітапхана филиалының меңгерушісі.

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button