Жаны жайсаң Жұмаділдиндер
Әрбір отбасын шағын мемлекет немесе кішкентай Отан деп алсақ, әр әулеттің өзіндік басқару жүйесі бар екенін де ұмытпағанымыз жөн. Әрқайсысы өзіндік дәстүрі, ұстанымы арқылы көптен ерекшеленеді. Сондығынан босағасы берік, шаңырағы биік деп жатады. Осындайда Қасым ақынның сүйікті жұбайына арнаған «Отбасы – шағын мемлекет, Мен – президент, сен – премьер» дейтін өлең жолдары еске түседі. Осы өлеңге лайық өзара жарастығы орнап, сыйластығы артқан әдемі әулет бар. 15 мамыр – Халықаралық отбасы күнінде «Берекелі отбасында бала жақсы тәрбие алады» дейтін қарағандылық Жұмаділдиндер отбасы жайлы айтпақпыз.
Жалпы, Жұмаділдиндер отбасы кеншілер шаһарына кеңінен таныс. «Мерейлі отбасы» байқауларында топ жарып, көптің қошеметіне бөленіп үлгерген. Оған қоса отбасылық тренингтерімен және ұлттық тағам «Жауынгер азығын» дайындауымен ерекшеленеді. Қазіргі таңда екі қыз, төрт ұл тәрбиелеп отырған отбасы мұқтаждың жағдайын ашып, көпшілікке қайырым көрсетуімен де елдің есінде.
Өзі де көпбалалы отбасында тәрбиеленіп өскен отағасы Әнуар Жұмаділдин – облыстағы Азаматтық кеңес төрағасының орынбасары. Қарағандыдағы қоғамдық жұмыстарға белсене ат салысатын Әнуар қандай жағдай болмасын отбасына көңіл бөлуді бірінші орынға қоятынын айтады.
– Бәрі – балам үшін дейтін халықпыз. Бала – әрбір отбасының алтын діңгегі. Берекесі басым отбасында бала сүйіспеншілікке бөленіп өседі. Бұл туралы Мағжан Жұмабаев «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені, олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн» дейді.
Балаларыма атадан қалған әділеттілік, еңбекқорлық, адамгершілік қасиеттерді өнеге қыламын. Саналарына, ойына бекітіп, жақсы қасиеттерді игеруіне күш салып келемін, – дейді Әнуар.
Жұбайының ойын қолдайтын Бақытты Қанапинова Қарағанды облысының Қазақстан халық Ассамблеясының жанынан құрылған «Аналар кеңесінің» мүшесі. Бақытты ханымды нәзік жандылар қауымы «Мен қадірлі Анамын» тренингтері арқылы жақсы таниды. Өз тренингтеріне жұбайын спикер ретінде шақыратын көпбалалы ана отбасындағы құндылықтармен бөлісіп, көпшіліктің қолдауына ие болған. Ассамблея мүшелерінің айтуынша, республикада қазақтың ұлттық асханасының бірегей тағамдарын дәмді етіп әзірлейтін Бақыттыдай жандар сирек. Ұлттық тағамды дәмді етіп әзірлеудің құпиясын сұрағанымызда Бақытты ханым:
– Отбасымызда ұлттық салт-дәстүрлерді ерекше құрметтейміз. Ұлттық тағамды дәмді әзірлеуімнің бір құпиясы осында шығар. Себебі, әрбір тағамда ата-бабамыздан қалған тарих бар. Сипаттама беруің керек болса, еріксіз тарихқа жүгінесің. Балаларымыз ұлттық тағамдардың қыр-сырын бізден үйреніп жүр. Өткен жылы осы бастамамен Қоғамдық келісімнің жанынан құрылған «Аналар кеңесімен» бірлесіп үш мәрте көпбалалы аналарға, мотивациялық даму үрдісіндегі «Мен қадірлі Анамын» тренингін өткізген болатынмын, – дейді Бақытты ханым.
Отбасының ауыз толтырып айтарлық тағы бір жетістігі – әр жексенбіде жағдайы төмен жалғызбасты аналарды, көпбалалы отбасыларды қонақ етіп түскі асқа шақыратындығы. Бұл үрдіс 2016 жылдан жалғасын тауып, кейін қайырымдылық шараларына ұласқан көрінеді. Осыны ескерген «Мир детства» қайырымдылық қоры Жұмаділдиндер отбасын Алғыс хатпен марапаттапты.
– Біз қоғамнан пайда табуды көздемейміз. Керісінше, ұстанымымыз – ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту. Осылайша, жалпы қоғамға пайда әкелеміз. Сондай-ақ, әрбір атаананың парызы – саналы ұрпақты тәрбиелеу деп есептейміз. Балалардың өмір жолына дұрыс бағыт беруіміз керек. Жақында «Аялы алақан» жобасы аясында жетім балалар үйіне барып, жеткіншектерге арналған мотивациялық шеберлік сабақтарын өткіздік. Естелік болсын деп авторлық «Менің сәттіліктерім мен жетістіктерім» атты мотивациялық күнтізбеліктер табыстадық. Осындай қарапайым шаралар қаншама жандардың көңіліне медеу болды. Осыдан ғибрат алып, рахаттандық, – дейді отағасы Әнуар.
Бүгінде облыстағы жас отбасыларға үлгі болып отырған Жұмаділдиндердің республикалық «Қазақтың Ұлттық асханасының бірегей тағамдары» байқауының жеңімпазы екенін айта кеткен жөн. Қазақы тағамды үздік әзірлеуімен қатар, ұлттық өнерден де кенде емес отбасы мүшелері жылдағы дәстүрінен жаңылмай ата-аналардың басын қосып, дөңгелек үстел ұйымдастырып тұрады. Отбасылық достары ерғанат саятұлының Әнуар мен Бақытты құрған шаңырақпен араласқанына бірнеше жыл өтіпті.
Ата-ана балаларына жастайынан қандай тәрбие берсе, ертең бала ержеткенде соны қайталайды. Осыны қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Қашан келсек бірлігі жарасып, берекесі артып отыратын отбасынан тәрбие алған баладан көп үміт күтетінін айтады.
Жаюлы дастархан аясында ата-әжелеріне жетістіктерін көрсетіп, ай сайын кеш ұйымдастыратын немерелерді көргенде шаңырағы биік қазақ отбасы осындай болса дегіңіз келеді. Жұмаділдиндерден үлгі алған әрбір отаудың бауыры бүтін, босағасы берік болғай.
Аяулым СОВЕТ.