ДәстүрТал бесіктен – жер бесікке дейін

Айдарлы ұлда айбар бар

«Қарағым, айналайын, кекілдім-ай, көгілдірі аққудың секілдім-ай!» деп әндете жүріп, айдарлы әрі айбарлы ұл, тұлымды қыз өсірген қазақ ұрпағынан көп үміт күткен. Ұлының тоқымқағар тойын сәтті атқарған әкелер сол уақыттан бастап ұлына айдар мен кекіл қойып, қызына тұлым өрген. Мен білетін тұлым тіркесі Ғабиден МҰСТАФИННІҢ шығармасындағы «Жібекке «Әнші қыз» деген атақ беріліп, айдар болып тағылды» деген тіркестен жақсы таныс. Алтын айдарлы аймаңдай ұлын көз бен сөзден барынша қорғағысы келген ақсақалдар «Сәбидің кекіліне періште ұялайды» деп кекіл қоюды да ерек дәстүрге айналдырып алса керек.

– Қазақ кішкентай баланы тіл-көзден сақтау үшін оған айдар, тұлым, желке шаш қойған. Ұл баланың айдары төбесінен қойылған немесе желке тұсынан бір ғана шаш қалдырған. «Желке шашты» өсіріп, өрген. Айдарды, желке шашты бала сүндеттелгенге дейін немесе алғашқы мүшел жасқа (13 жас) дейін алмаған.

Кейінгі заманауи ата-аналар ұлдың айдарын 5 жасқа келгенде алады. Осыдан кейін ұл баланы сүндетке отырғызып, қыздың құлағын тесіп, сырға тағады. Кейбір әулет үлкендерінің «ұрпағым үзілмесін» деп айдар мен тұлым шашты сақтап қоятын әдеті бар, – дейді Қарқаралы ауданының тұрғыны Дәркен Самайқызы.

Дәркен әженің айтуынша, айдар дегеніңіз – жылқының құйрық жалына алтындаған зер қосып, жеңіл өрілген бау. Қазақ тарихында «ат қойып, айдар тағу» деген осыдан қалған болса керек. Көп жағдайда қазақта ұл баланы зарығып жүріп көрген ата-ана ұлына кішкене күнінде төбе шашын ұзартып өсіріп, оған моншақ араластырып өріп қойған кездер де кездескен. Бұл көнеде көбіне дәулетті, бай-манаптардың ұрпағы ретінде белгіленген деген деректер де кездеседі. Айдарды алу үшін де ауыл ақсақалдары жиналып, балаға бата берген, мал сойылып, ет асылған көрінеді. Ал, қазіргі таңда келін кілең ұл туып, соңында қыз баланы дүниеге әкелген кезде, тіл-көзден сақтасын деп сәбиге тұлым қоятын әулеттер кездеседі.

– Біз баламызға айдарды сүндетке отырғызғанға дейін қойдық. Үш жылдан бері күтіп жүрген атұстарымыз болғандықтан, көз тимeciн дeп ырым еттік. Өйткені, көз тиюдің бар екені шариғатта да бар. Үлкендердің айтуы бойынша көзi өткip жaндapдың нaзapы бaлaның aйдapынa aуcын дeгeн іштей сенім болды, – дейді, қарағандылық Индира мен Русланның отбасы.

Қазақтың көне тарихына көз жүгіртсек, айдар мен тұлым жайлы Қобыланды батыр жырында «Тұлымдысын тұлм қылды, айдарлысын құл қылды» дейтін жолдар кездеседі. Кенесарының інісі атақты Наурызбай батырдың ұзын айдары болған деседі. Сол заманда ұлына айдар қойған қазақ отбасы батырдың ұзын айдарын үлгі етіп, «мықты, күшті, зор» деген мағынада Айдархан, Айдарлы есімдерін қойған болуы керек.

Ал, қыз балаға қойылатын тұлым шаш – көз тимесін, сұлу, сымбатты болып өссін деген ниетті меңзейді. Сондай-ақ, «шашы кесілген қыздың бақыты кесіледі» деп ырымдап, кішкентай күнінен қыздың шашына күтіммен қарап, кестірмеген. Осы тыйым «қазақтың қыздары мен әйелдері шашын қимаған» деген түсінікке әкеледі.

– Бір жасқа толған қыз баланың қарын шашын алып, екі шекесіне екі шөкім шаш қалдырады. Оны «тұлымшаш», «тұлымшақ» деп атаған. Осы уақыттан бастап шашын алмай, қарын шаштан қалған тұлымын кейін өскен шашына қосып өрген, – дейді Дәркен әже.

Қазақ ырым-тыйымында жиі айтылатын «әйел адамның тұлымы жақыны қайтыс болғанда жайылған» деген тыйым осыдан қалған болса керек. Қыздарына «шаштарыңды жаймаңдар, өріп жүріңдер» дейтін әжелердің тыйымы да осыны меңзеп тұр. Өйткені, әйел адамның тұлымы жақыны қайтыс болғанда жайылған. Ертеде өлген адамның әйелі, қыздары, келіндері шаштарын жайып жіберіп, бүйірлерін таянып, қара жамылған. Ежелгі тыйымдар өлген адамның, әйелінің, туған қыздарының шаштарын ауыл әйелдері тарқатып, жайып, жетісі өткен соң қайтадан өріп бергенін алға тартады. Олай дейтініміз, жасөспірім қыздар үйінде жүргенде шашын көбіне қос бұрым етіп өріп, басына кәмшат бөрік, үкілі тақия киген. Тұрмысқа шығарда тұлымы бұрымына қосылып өрілсе, келін болған соң самай шашын, әсіресе ер адамдарға көрсетпеу үшін орамал тарту да осы тұлымнан қалған көне тыйым болса керек.

Ал, қыз бaлaғa дa, ep бaлaғa дa ор- тақ «кекіл қою» да шаш қоюдың тағы бір ерекше үлгісі саналады. Кекілге періште ұялайды деп ырымға балаған үлкендер баланың шашын ұстарамен жалтырата қырып, маңдайына таяу жерден бір шөкім шаш қалдырған.

Жалпы, түркі халықтарына ортақ осындай дәстүрлер қазіргі кезде ұмытыла бастағаны рас. Айдарлы ұл мен тұлымды қыздарды ауылдағы ағайынның арасынан ғана оқта-текте кездестіруге болады.

Ашық дерек көздері балаға тұлым немесе айдар қою Таиланд халқында да кездесетінін айтады. Олар аурушаң балаға тұлым қойса сауығып кетеді деп сенген екен. Сондай-ақ, жын періні үркітетін тек қана тұлым шаш деп есептеген. Осы сеніммен баланың шашын түрлі пішінде өсіретін елдердің қатарында қытайлар, кәрістер, мысырлықтар да бар.

Ал, қазақ халқы ұлдың айдарын кесетін уақытты тілашар тойымен тығыз байланыстырса керек. Әр дәстүрі той болып өтетін қазақтың тілашар тойы да бата мен тілекке толы.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button