Жаңалықтар

Жанды жеген қанды жылдар…

ХХ ғасыр – адамзат тарихында өркениеттің өріне ұмтылған ерекше уақыт болғанымен, біздің қоғам үшін – қаралы да жаралы жылдардың жиынтығы еді. Ғасыр басындағы түрлі тарихи оқиғаларды айтпағанның өзінде, тек отызыншы жылдардағы ойранның өзі – халқымыздың берекесін кетірді. 1932 жылдың аштығы мен 1937-1938 жылдардың саяси қуғын-сүргіні – қазақ ұлтын жер бетінен жойып жіберуге бағытталған аса қауіпті, жауыздық пиғыл-ниетпен жасалған сол кездегі Кеңес одағының мемлекеттік жоспары болатын. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан көпшілік бас қосқан бір жиында Сталин жөнінде: «Сауатсыз, өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтынның нағыз өзі екен. Қазақты былай қойғанда, Ресейдің соры енді қайнайтын болды…», – депті.

Алаш алыбы дәл айтқандай, сол Сталин қазақтардан қатты қорыққан екен. «Қазақтарға арғы тегін, өздерінің кім екенін білдірмеу керек. Егер олар оны біліп қойса, бүкіл әлемді билеп кетеді» дейтін орыстың қатын патшасынан қалған бір сөз бар. Сталин де осы пасық пиғылда болған сияқты. Бір ғана айырмашылығы, ол қазақтарға қарсы «қырып-жою әдісін» қолданды. Сонау өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының ортасында басталған ұжымдастыру науқаны, қазақтың ауқатты адамдарын «бай-феодалдар» деп барлық мал-мүлкін сыпырып алып, өздерін жер аударып, асып-атқаны 1932 жылдың аштығын тудырды. Қолдан жасалған аштық. Мұнан біраз жыл бұрын қазақ мемлекетін басқаруға орыстың соңғы патшасын отбасымен қоса қырып тастаған Голощекиннің тағайындалғаны тарихтан белгілі. «Тақыр шеке» дейтін атауға ие болған, адамдық сезімнен жұрдай орындаушы рөлінде «Кіші Қазан жасаймын» деп желіккен бұл жендет те аштық арқылы қазақты қынадай қырды. Отызыншы жылдардың басындағы осы алапат аштықтан қазақтың аман қалғандарын 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін тағы турап түсті. Ең ауыры – ұлттың бас көтерер тұлғаларын тұқымымен құртуға тырысты. Сүттің қаймағын қалқығандай, қазақ зиялыларын жойып отырды. Осынау қанды қырғын – большевиктердің қазан төңкерісінен бұрын патшалық Ресейден бастау алғанымен, ең шарықтау шегі осы өткен ғасырдың отызыншы жылдарында болыпты дейді тарих дерегі. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда да қазақтарды майданның алғы шебіне айдап, ең қауіпті аймақтарға салғаны, ауыр тапсырмалар жүктеп отырғаны енді анықталып келеді… Бұл да ұлтымызды менсінбеген әділетсіздіктің бір көрінісі болар. Мұндай қиянаттарға қарсы болған бір топ жас сол кезде тіпті майданға барудан бас тартып, «Есепті» (Елін сүйген ерлер партиясы) құрады. Бүркіт Ысқақұлы, Махмет Темірұлы секілді білімді азаматтар Алашорда қайраткерлерінің іс-әрекеттерін жалғастырып, отаршыл үкіметке, тотолитарлық жүйеге қарсы шығады. Өкінішке қарай, бұларға да Алаш арыстарының кебін кигізеді. Онан кейін 1960 жылдары Мұрат Әуезовтердің бастауымен Мәскеуде оқитын қазақ жастары ұйымдастырған «Жас тұлпар» ұлттық үйірмесі, оны қолдаған жер-жердегі жастар қозғалысының болғандығы айтылып та, жазылып та келеді. Кәмел Жүністегі де осы жастар қозғалысының белсенді бір өкілі еді. Ұзақ уақытты қамтып, азаттықты аңсаған бұл бұлқыныстар – 1986 жылғы Алматыдағы «Желтоқсан» ұлт-азаттық көтерілісіне алып келді. Сонда қазақ халқының бұрынғы ғасырлардағы толқын-толқын толқуларын, ірілі-ұсақты соғыстарын айтпағанның өзінде, тек ХХ ғасырдың басынан-аяқ қазақтың жері мен елі «сынақтар алаңында» болған екен. Бұған мысалға Семей полигонын айтсақ та жеткілікті.

Иә, қазбалай берсек, өткен ғасырдың өкініштері өте көп. Сол бір жаралы жылдардан тамшылап аққан қан тарихтың тақтасынан әлі өшкен жоқ. Дүние тұрғанша өшпейтін де шығар… Біз жыл сайын 31-ші мамырды – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жатамыз. Осынау ешқашанда орны толмас ұлттық қайғы-қасіретке бір күн аздық етеді. Менің ойымша, жеке пікірім, жыл бойы айтылып, насихатталып (әлі де ашылмай жатқан «ақтаңдақтар», азаттық жолындағы белгісіз құрбандар көп екен…), бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жарияланып, осы даталы күнде істелген іс-шаралар қорытындыланып отырылса, дұрыс болар еді. Сосын әр қалада, аудан орталықтарында Алаш қайраткерлеріне және оны қолдаған барлық ұлт қаhармандарын көрсете алатын кешенді мұражайлар салынуы керек. Әсіресе, кезінде «ҚарЛаг-тың отаны» деген қасіретті атауға ие болған Қарағанды шаhарына азаттық пен бостандық тақырыбындағы тарихи мұражай аса қажет! Бұл – бір жағынан Долинка елді мекеніндегі «ҚарЛаг» мұражайын толықтыра түсетін, бүгінгі және келер ұрпақтың кәдесіне жарайтын, өткен тарихтан сабақ алатын қастерлі орынға айналар еді…

Әлімжан ЖАҚАН,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті журналистика кафедрасының аға оқытушысы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button