Жаңалықтар

Жана үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылдың 28 қазанында қабылданды, бұл Заң  2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері «Өрлеу» пилоттық жобасы аясында сынақтан өткізіле отырып, өзінің тиімділігін көрсетті. «Өрлеу» жобасын Қарағанды қаласында (2016 жылдын қыркүйек айы) іске асыру кезеңінде құрамында 126 адам бар 29 отбасы жобаға қатысқан болатын. Оның ішінде жобаның 29 еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген отбасыларға қазіргі уақытта беріліп отырған келесі үш әлеуметтік төлемді біріктіретін Бірыңғай жәрдемақы болып табылады:

а) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек;

б) 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын балалар жәрдемақысы;

в) кәмелеттік жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдем-ақы.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің қазіргі әлеуметтік төлем түрлерінен өзгешелігі – аз қамтамасыз етілген азаматтарға немесе отбасыларға берілетін атаулы  әлеуметтік көмек кешенді болып, өз ішіне 3 түрлі  мемлекеттік қолдауды алып отыр, олар:

1) атаулы әлеуметтік көмек төлемі;

2) жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, яғни

а)  жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына жолдау;

ә)  оқуға жіберу;

б) мемлекет есебінен еңбек-ақысын субсидиялай отырып, жастар    тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жіберу;

в) жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит беру;

3) әлеуметтік қызметке мұқтаж жандарға мемлекет кепілдік берген арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету. Қызметтерді үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік қызметкерлер және мемлекеттік медициналық-әлеуметтік ұйымдар көрсете алады.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады.

Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мүмкіндіктері шектеулі адамдардың немесе егде жастағы зейнеткерлердің отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептерге байланысты жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын  отбасыларға (7 жасқа дейінгі бала күтіміндегі аналар) көрсетілетін болады. Мұндай отбасыларға жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетті емес.

Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті кем дегенде бір мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы.

Аз қамтылған отбасының 18 жасқа толған еңбекке қабілетті мүшелері өздеріне әлеуметтік келісімшартта жүктелген міндеттерді орындамаған жағдайда жәрдемақы мөлшерін қысқарту тетігі қарастырылған: бірінші рет – отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің атаулы әлеуметтік көмегі 50%-ға, ал қайталанған жағдайда 100%-ға қысқартылады. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек кәмелет жасқа толмаған балаларға және бала күтімімен отырған аналарға толық мөлшерде сақталады.

Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 % төмен (бүгін – 40 %) әрбір отбасы арасындағы айырма түрінде есептеледі. Егерде, Қарағанды облысында 3 тоқсанында кедейшілік шегі 9606 теңгені құраса, келесі жылы  14 142 теңгені құрайтын болады, оның себебі күнкөріс деңгейінің 28 284 теңгеге көтерілуіне байланысты.

Мысалға алсақ: тұрмысы төмен отбасы 5 адамнан тұрады делік,  отағасы жұмыс істейді және 24 459 теңге табыс табады, жұбайы  жұмыс істемейді, 3 жасқа дейінгі балаға күтімімен отыр, сондай-ақ үш кәмелетке толмаған баласы бар. Бүгінгі таңда отбасыға төленетін атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері 16422 теңге, мемлекеттік балалар жәрдемақысы 7 149 теңгені құрайды. Келесі жылы отбасының табыс деңгейі осы қалыпта сақталған жағдайда, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері 30000 теңгеден астам болады.

Толықтай кеңес алу үшін Поспелов көшесі, 16 үй орналасқан «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» ММ-не № 1 кабинетіне немесе Бұқар жырау даңғылы 51/4 үйде орналасқан «Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-не сағат 9.00-ден 17.30-ға дейін(түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін, демалыс (сенбі, жексенбі және мерекелік күндерді қоспағанда). Анықтама үшін телефондары: 30-02-52, 30-01-69, 99-63-97, 99-64-04.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button