Бас тақырыпРесми

Жалпыға бірдей декларациялау кейінге шегіндірілуі мүмкін

Келесі жылдан енгізілуі тиіс жалпыға бірдей декларациялау кейінге шегіндірілуі мүмкін. Қаржы министрлігі ел Үкіметіне декларацияны кезең-кезеңімен тапсыру туралы ұсыныс жасады.

Қаржы министрлігінде мәлімдегендей, Қарағанды облысының Осакаров ауданында жүзеге асырылған пилоттық жоба шешілуі тиіс бірқатар мәселелердің бар екендігін көрсетіпті. Бұл қосымша уақытты талап етеді. Қазірдің өзінде заңнамалық базаны жетілдіру, ақпараттық жүйелермен қамту, уәкілетті органдардың мәліметтер базасын реттеу сынды жұмыстар жасалуда.

Мамандар жалпыға бірдей декларацияны 2025 жылға дейін 4 кезең бойынша тапсыруды ұсынуда. 2021 жылдың 1 қаңтарынан басталатын бірінші кезеңде декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары және оларға теңестірілгендер мен олардың жұбайлары тапсыратын болады. 2023 жылдың басынан декларацияны мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлері мен олардың жұбайлары тапсыруы тиіс. Бұл қатарға білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласы мамандары жатады. 2024 жылы заңды тұлға жетекшілері мен құрылтайшылары мен олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер жұбайларымен қоса тапсырса, соңғы кезеңде, яғни, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғындардың басқа категориялары барлық табысын көрсетеді.

«Аяқталған әр кезеңнің нәтижелері шығарылып, заңнамалық, әдістемелік әрі техникалық мүмкіндіктер нығайтылады. Қазіргі таңда жалпыға бірдей декларацияны кезең-кезеңімен енгізу бойынша заңнамаға өзгерістер әзірленуде. Бекітілген тәртіпте Парламент қарауына ұсынылатын болады»,– делінген Қаржы министрлігінің мәлімдемесінде.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button