Жалпыға бірдей декларация: табысты анықтау тетігі

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялау енгізіледі. Ендігі уақытта салық декларациясын мемлекеттік қызметкерлер мен шенеуніктер ғана емес, барша халық тапсыруға міндеттеледі. Мамандардың есептеуіне сәйкес 13 миллионға жуық қазақстандық аталмыш құжатты тапсыратын көрінеді. Көлеңкелі экономикамен күресті көздеген елеулі шара Тұңғыш Президент тапсырған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 42-қадамын жүзеге асыру аясында жүргізіледі.

Әуелі кімдердің тапсыратындығын айқындайық. Кәмелеттік жасқа толған барлық қазақстандықтар, оралмандар, тұруға ықтияр хаты бар тұлғалар. Егер, кәмелеттік жасқа толмағандардың атында тіркелген мүлкі немесе табысы болса, олардың атынан ата-аналары, қамқоршылар немесе басқа заңды өкілдері есеп беруі керек. Сонымен қатар, ел аумағында мүлкі немесе тұрғын үй құрылысында үлесі бар шетелдіктер де жалпыға бірдей декларация тапсыруға міндетті. Аталған 13 млн. адамның 7,4 млн. – қала халқы, ауыл тұрғындары 5,5 млн. адамды құрайды. Мамандар жалпыға бірдей декларация тапсырушылардың дені, яғни, 70 пайызы қысқартылған декларация тапсыратындығын айтуда. Мәселен, басында жекеменшік мүлкі жоқ зейнеткерлер, студенттер, жалдамалы жұмысшылар тек табысын ғана көрсетіп, қысқартылған декларация тапсырады.

Декларацияны тұрғылықты мекен-жайы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе мемлекеттік кірістер басқармаларына 15 шілдеге дейін қағаз түрінде және 15 қыркүйекке дейін электронды түрде ұсыну керек.

– Декларацияны жылдың басынан бастап тапсыра беру қажет, – дейді Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Бақыт Ботпаева. – Осыншама адамның бір мезгілде декларация тапсыруы әрине қиындық туғызуы мүмкін. Қазір Сенат депутаттары декларацияны кезең-кезеңімен тапсыру туралы да ұсыныс айтып отыр. Ол әлі қарастырылуда.

Бақыт Байдашқызының айтуынша, мәселе интернетпен және техникалық қамтамасыз етуден бөлек, жергілікті атқарушы органдар ұсынатын мәліметтердің дұрыстығынан туындауы мүмкін. Мұндай қателіктер негізінен ауылдық елді мекендерде көп. Толық емес немесе қате мәліметтер ұсынғандықтан, халық бірнеше мәрте әуре болады екен. Сондықтан, маман тұрғындарға жердің кадастрлік нөмерін, тұрғын үй актісін, әр түлікке ветеринарлық құжаттың болуын қазірден бастап түгендеп қою қажеттігін ескертеді. Себебі, барлық жылжымайтын мүлік, жекеменшік жер (жалға алынғаннан басқа), барлық жылжымалы мүлік, депозиттердегі ақша, банктік шоттар, карталар, акциялар міндетті түрде декларациялануы тиіс. Айта кету керек, ең төменгі жалақы мөлшерінің 500 еселенген көлемінен, яғни, 21,2 млн. теңгеден артық қарызға алынған немесе қарызға берілген қаражат та осы санатқа жатады.

Сонымен қатар, жеке тұлғалар үшін төмендегі меншік түрлерінің декларациялануы талап етіледі: биологиялық активтер – экзотикалық жануарлар, қымбат үй жануарлары (мысық пен иттердің кейбір тұқымдары, асыл тұқымды жылқылар). Жануарлардың меншік құқығын растайтын ветеринариялық құжаты болуы шарт. Қымбат тастар, металдар, зергерлік бұйымдар, өнер туындылары, антиквариат. Бұл әрқайсының құны 500 еселенген ең төменгі жалақы мөлшерінен (21,2 млн. теңге) асатын картиналар, бағалы әшекейлер болуы мүмкін. Құнды сыйлықтар, соның ішінде, ақшалай сыйлық та көрсетілуі керек. Сыйлыққа берілген ақшаға саяхатқа шықса, ол ақшаның сыйлыққа берілгендігін көрсету қажет.

Бұл ретте мамандар тойдан табыс тауып жүрген тамада, әншілердің кірісін растау қиындық тудыратынын жасырмайды.

– Заң бойынша табысы 12 АЕК асатын жеке тұлғалар жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі тұлға ретінде тіркелуге міндетті. Алайда, олар бұл жауапкершіліктен жалтарады. Олар жеке тұлғаға қызмет көрсететін жеке тұлғалар ретінде бірыңғай жиынтық төлемді, яғни, 1 АЕК мөлшерін ғана төлейді. Бұл кәсіпкерлікке жатады. Жеке кәсіпкер ретінде табысының 2 пайызын көрсетіп отырса, олар мемлекеттен зейнетақымен қамтамасыз етіледі. Такси жүргізушілері де солай. Тіркелмеген такси қызметін көрсетушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін рейдке де шықтық. Дегенмен, тек ескертуден асып, ешқандай шара қолдана алмаймыз, – дейді Бақыт Байдашқызы.

Декларация салық құпиясы болып саналады. Онда көрсетілген мәліметтерге камералық бақылау орнатылған. Елдегі барлық ақпарат базаларының мәліметтері тексеріледі, шет елдермен қазақстандықтардың ондағы мүлкі туралы мәліметтерді ұсыну туралы келісімдер жасалды. Декларацияны тапсырмағандарға әуелі ескерту жасалады. Одан кейін де орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.

Егер адамның бір жылдағы табысы 2 млн. теңгені құраса, ол 5 млн. теңгеге қолма-қол ақша беріп көлік сатып алған болса, салық органына қалған 3 млн. теңгенің қайдан келгенін айтып, есеп беруі керек. Егер бұл декларацияда анықталмаған сома болып шықса, онда салық төлеушіге жасырын ақшаның 10% тең сомаға айыппұл салынады.

– Жеке табысын ашық көрсету ертеңгі күні болуы мүмкін келіспеушіліктердің алдын алады. «Аяқ асты» пайда болған табыс үшін жауап беруге тура келеді. Жалпыға бірдей декларацияны толтырудың үлгісі қазіргі күні еgov.kz порталына қойылған. Кез келген адам сонда кіріп таныса алады, – дейді Б.Ботпаева.

Декларацияларды қабылдау және өңдеу механизмін анықтау, сондай-ақ уәкілетті органдардың деректерін салыстыру мақсатында республика бойынша Осакаров ауданында пилоттық жоба іске қосылғанын атап өткен ләзім. Ауданның үш ауылдық округі бойынша 1 902 өтініш қабылданған. Оның 102-сінде (5,4%) ақпарттық сәйкессіздіктер анықталған.

Жалпы, айтқанда, декларацияда көрсетілген мәліметтер бойынша табысы мен шығысы тең болуы керек. Бәзбіреулер жеке мүлкін отбасы мүшелері мен туған-туысына жаздырып қойып, салық жауапкершілігінен қашатындығы бәріне аян болса да, заңдық негізде тосқауыл жоқ еді. Енді, жалпыға бірдей декларацияны тапсыру жасырын табысты жариялауға мүмкіндік беретін болады.

Жансая ОМАРБЕК,

«Ortalyq Qazaqstan».