Қарағанды

Жаңғырған вокзал – жаңа мүмкіндік

Қарағанды қаласындағы теміржол вокзалында жаңғырту жұмыстары аяқталды. Ол 1 маусымнан бастап, мыңдаған жолаушыны қабылдай бастайды. Осыған орай, оның жаңғырған ғимаратын облыстың салаға жауапты мамандары, қоғамдық кеңес мүшелері және БАҚ өкілдері аралап қайтты.

Теміржол вокзалының ескі ғимараты жаңартылса да өзінің тарихи келбетін толық сақтап қалған. Ал, жаңадан жалғаса салынған корпустың сыртқы кескіні ортақ сәулетпен үйлесім тапқанымен, іші заманауи үлгіде.

Жылыту мен желдету жүйелері жаңартылып, қазіргі талаптарға сай оңтайландырылған. Негізгі залдарды платформалармен жалғастыратын конкорстың тас едені де жылыту жүйесіне қосылған. Бұл біздің климаттық жағдайымызды ескерген – оң дүние. Тағы бір көзге түскені конкорстан жол платформаларына жеткізетін жеделсатылардың метрополитендерге орнатылатын сапалы түрінің таңдалғандығы. Сыртқы баспалдақтарға табанды тайдырмайтын тас төселген. Қарағанды қаласы мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов осы жаңа өзгерістерге пікірін білдірді.

– Вокзал – қаланың басты бет-бейнесінің бірі. Жаңғырғаннан кейін оның қуаты еке есеге ұлғайыпты. Жоғары технологиялы құрал-жабдықтар орнатылған. Бірақ, ол өзінің бұрынғы ғажайып сәулетін сақтап қалды, – деді мәслихат хатшысы.

Вокзалда кез келген жолаушыға жағ дай жасалған. Мәселен, қос ғимаратта да ана мен бала бөлмесі бар. Олардың іші жаһандық стандарттарға сай. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы толық ескеріліпті. Оларға арналған таймайтын төсеніш жолақтар, көтеру құрылғылары орнатылып, арнайы бөлмелер қарастырылған. Тіпті, терезесі төмендетілген кассалар мен жуыну бөлмелері де бар.

Теміржол залдарына халықаралық әуежайлардағы тәрізді көлемді LED экрандар қойылған. Бұл барлық ақпараттарды қиналмай көруге көмегін тигізетіні анық. Сондай-ақ, бірыңғай дәмханалар желісінің операторы қызмет көрсетеді деп күтілуде.

«Қазақстан теміржолы» ҰК қарасты «Қарағанды жолаушылар тасымалы» АҚ филиалының директоры Марлен Көкірекбаев қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылғанын атап өтті.

– Вокзал ғимаратына 144 бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл жолаушылар мен олардың жеке заттарын барынша қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында конкорстан жолдарға шығатын аймақ жүктерді тексеретін арнайы құрылғылармен жабдықталды, – деді филиал директоры.

Қоғамдық кеңес мүшелері аздаған кемшіліктердің барлығын айтты. Олар күту залдарындағы орындықтар сапасының нашарлығы мен қабырға бояуларының сапасыздығына тоқталды. Дегенмен, мердігер аталған олқылықтарды таяу арада жоятынына сендірді.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

 

Басқа материалдар

Back to top button