Жаңалықтар

Жақсы жұмыс жан ләззаты

Жұмысыңды жақсы көру сөзбен айтып жеткізе алмайтын ерекше құбылыс. Үлкен күш! Одан оңайлықпен ажырай алмайсың. Күнкөріс үшін емес, жан дүниесімен беріліп, бар ғұмырын арнаған жұмысын ерекше ықыласпен атқаратын жанның бірі – С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының тігіншісі Меруерт Жұмкешова. Әр әртістің бес қаруын сайлайтын, көзге көрінбейтін майданның жауынгері.

Алдын ала қоңырау шалып, кездескім келетінін айтқанда, таңданысын жасыра алмады. Белгіленген уақыттан межеленген жерге жеттім. Алдымнан жарқылдай қарсы алған Меруерт Қаршығақызы «Мені біреу жаз деп ұсынды ма? Телефон нөмірімді қайдан алдыңыз?» деп сұрай берді. Өзін не себепті іздеп келгенімді түсіндіріп-ақ келемін, бір жағынан аң-таңмын. Бірден жұмыс бөлмесіне бастады. Бес-алты тігін машинасы жағалай орналасқан, ортада үлкен үстел. Шашылып жатқан мата, не қайшы, ине-жіп көзге түспеді. Бәрі тап-тұйнақтай. Менің таңданысымды сезді ғой деймін «жұмыс кабинетіме барайық, сол жерде барлық жұмыспен таныстырамын» деді. Ашық-жарқын жанның үстеліндегі түрлі-түсті сызбаға бірден көзім түсті. Тал мүсіндегі әдемі көйлек еріксіз назар аударды.

– Бұл театр әртістеріне арналған костюмдердің суреті. Әр әртіске ойнайтын роліне сай киім тігілгенге дейін бірнеше кезеңнен өтеді. Алдымен режиссер қойылым таңдайды. Одан кейін суретшімен кейіпкерлердің мінез- құлқына сай қандай киім кию қажет екені жайлы пікірлеседі. Жан-жақты талқыланғаннан кейін суретші эскиз салады. Одан кейін барып бұл суреттер бізге, яғни тігін цехына келеді. Сызбаны алып, дүкен аралап кетемін.

Мата іздеймін, – дейді Меруерт ханым. Мата таңдау да оңай жұмыс емес. Сапасы жіті назарда. Бағасын да байқау керек. Әрине бұл жұмысқа келгенде Меруерт Қаршығақызы тиянақты. Әрі көп қиындық та туа қоймайды. Себебі, ол тігінші мамандығын бітіріп, 21 жасында осы театрға жұмысқа орналасады. Бүгінде 50-ді еңсерген кәсіби маман. Табан аудармастан 26 жыл тігінші болып қалтқысыз қызмет етуде. Арасында түрлі жағдайларға байланысты төрт жыл басқа қызметте бағын сынап көреді. Табысты жұмыс болған. Бірақ, тігіншілікке деген сүйіспеншілік оны осы жерге қайта алып келеді.

– 100 пайыз табысты болғың келсе, өз жұмысыңды сүй. Өз-өзіңді қинама. Жақсы көрген жұмысыңа бару да үлкен бақыт, – деген кейіпкеріміздің өз жұмысы туралы айтқанда көзі нұрланып сала берді.

Бір спектакльге 90-ға жуық киім тігіледі. Әр актерден өлшем алу, оны қағазға түсіру, тігіп біт[1]кенше бірнеше мәрте киіп көру. Сызу, есептеу, пішу, қию, көктеу, қайта сөгу, бүгу, тігу секілді жұмыстар ең кем дегенде бір ай бойына жалғасады. Айтуға оңай болғанымен жұмыс барысы өте қиын. Уақыт, еңбек, талғам, қол мен қиял бір-бірімен ұштасып жатады. Иненің саусаққа кіріп кетуі үйреншікті жайт. Әрі тіккен костюм актердің ойнайтын образынан бөлек, мүсініне шақ келуі, кем-кетігін жасыру керек. Мұндай жағдайда шебер тез шешім қабылдайды. Себебі, ол ҚарУ-дың кәсіби өнер факультетін бітірген. Талғамы зор маман кез келген актердің сыр-сымбатын үстіндегі костюмімен әрлеп-ақ береді.

Бүгінде тігін цехының меңгерушісі болса да, әріптестерімен бірге білек сыбана жұмысқа кірісіп кетеді. Биылғы жаңа жылдағы Аяз ата мен Ақшақардың киімдерін, қолындағы таяғының тысы мен иығындағы қоржынын да бір өзі тігіп шығыпты. Сәтті образ қазақы ою-өрнекпен көмкерілген.

Театрға барамыз. Қойылым тамашалаймыз, актерлермен фотоға түсіп мәз-мейрам боламыз. Осы бір қойылымның сәтті сахналауында көзге көрінбейтін үлкен топтың қажырлы еңбегі жатыр.

Сахнадағы кейіпкердің келбетінен бөлек оның үстіндегі киіміне көзіміз бірден түсетіні рас. Бір-бірін қайталамайды. Жарқ-жұрқ еткен тастар. Ерекше киім үлгісі. Міне, осы киімдерде Меруерт Қаршығақызы мен әріптестерінің қол еңбегі, алтындай уақыты, темірдей төзімі мен маңдай тері жатыр. Тігіншілік шеті жоқ, шексіз өнер. Халықтың талға-мынан шығу, өз талантын мойындата алу өз кәсібін жақсы көретін нағыз кәсіби маманның ғана қолынан келеді. Меруерт тігінші де сондай. Ойға алған ісін соңына дейін апару оның парызы.

– Тапсырыс түскен сәттен жұмыс аяқталғанға дейін тыным таппаймын. Ой үстінде, жұмыс жетегінде жүресің. Бізде тапсырма талқыланбайды, орындалады. Уақытында тапсыруымыз керек. Мен үшін сенім үдесінен шыға білу басты міндет, – дейді жұмысын өміріне балаған шебер.

Әр адамның тағдыр жолы әртүрлі. Өмірде екі нәрседен шатаспау керек деп жатамыз. Соның бірі – мамандық таңдау. Меруерт Қаршығақызы кәсіп таңдауда шатаспаған. Мамандығына деген адалдық оның бүгінгі жұмысын жан-тәнімен жақсы көруіне де себеп. Ұстанымы берік, еңбекқор жанның жан жарасын емдейтін де осы жұмысы. «Өмірді сезінуге, қуанып көз ілуге адамға жақсы көру керек екен…» деген өлең жолдары ойға орала берді. Өмірінің мәніне айналған жұмысына деген зор махаббат Меруерт Қаршығақызын әріптестерінің құрметіне бөлеген шебер. Ал, қалың көрерменнің актер шеберлігіне деген ыстық ықыласында Меруерт тігіншінің зор еңбегі жатыр!

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button