Жаһан қазаққа құлақ түрді
Қазақстанның әлемдік аренадағы орны мен салмағы тағы бір мәрте айқындалды. Жаһанның алпауыт жиырма мемлекетінің басшылары ғана қатысатын G20 саммитіне ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметті меймандары қатарында шақырылуы – қазақ мемлекетінің халықаралық саясат пен экономикадағы беделін көрсетті.
Елбасы саммит аясында іргелі экономикасы бар елдер басшыларымен жүздесіп, келелі мәселелер төңірегінде сұхбаттасты. Халықаралық экономикадағы дамудың саябырсуы – Елбасының саммитте сөйлеген сөзіне арқау болды. Бұл мәселеге толыққанды тоқталған Нұрсұлтан Әбішұлы түйінді тарқату жолдарын да айтып өтті. Қазақстанның әлеуеті бағамдалып, Елбасы біздің мемлекет мүддесін көздеген тақырыптарды қозғай білді. Оңтайлы сәтті пайдаланып, экономикалық қызығушылықтарымызды баршаға жеткізді. Осылайша, келешекте бірлесе жұмыс істеуге, тиімді әріптестік құруға негіз жасалды. Бұл – біздің мемлекетіміздің ұпайы жан-жақты түгенделген жиын болды.
Қасымбек МЕДИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері.