Жаңа жылда не жаңалық?
Жаңа жәрдемақы беріледі
Еліміздегі барлық көпбалалы отбасыға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ай сайынғы жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға беріледі.
Мемлекеттік жәрдемақы бала санына қарай сараланады:
– төрт баласы бар отбасыларға – 42 496 теңге;
– бес балаға – 53 127 теңге; – алты балаға – 63 757 теңге;
– жеті және одан да көп балаларға – 74 388 теңге.
Атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жүйесі өзгерді
Атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдай алты немесе он екі айға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасыға тоқтатылады.
Бұған қоса, атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Яғни, мектеп жасына дейінгі балалар азық-түлік және гигиеналық құралдармен қамтылса, мектеп жасындағыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқуқұралдары беріледі, күнделікті мектепке барып-келуге жұмсалатын жол шығыны өтеледі.
Жалақы өсті
Мұғалімдердің жалақысы 25%-ке, мәдениет саласы қызметкерлерінің айлығы 35-50%, әлеуметтік сала қызметкерлерінікі 30-60%-ке өсті.
Зейнетақы, күнкөріс деңгейі және АЕК артты
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақтық зейнетақы 7% -ға өседі, ал оның ең төменгі мөлшері 38 636 теңгені құрамақ. 2020 жылы ең төменгі базалық зейнетақы 800 теңгеге ұлғайып, 16 839 теңгені құрайды
. – Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31 183 теңге;
– Ең төменгі жалақы – 42 500 теңге;
– Айлық есептік көрсеткіш – 2 651 теңге.
Төлқұжат пен жеке куәлік қымбаттады
– паспорт алуға мемлекеттік баж салығы – 8 АЕК немесе 21 208 теңге;
– жеке куәлік – 0,2 АЕК немесе 530 теңге.
Егер азамат жеке куәлікті ауыстыруға уақытылы өтініш бермесе, онда оған 7 АЕК немесе 18 557 теңге айыппұл салынады.
Әдетте құжаттарды алу мерзімі 15 күнге дейін уақыт алады. Десе де қосымша ақы төлеп, құжаттарды жедел алуға болады.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары үшін:
– жеделдіктің бірінші санаты – бір жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге;
– жеделдіктің екінші санаты – үш жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.
Облыс орталықтары үшін:
– жеделдіктің бірінші санаты – үш жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге;
– жеделдіктің екінші санаты – бес жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.
Облыстардың аудандары мен қалалары үшін:
– жеделдіктің үшінші санаты – жеті жұмыс күніне дейін – 1 166 теңге.
Жүргізуші куәлігін алу үшін мемлекеттік баж салығы – 1,25 АЕК немесе 3 314 теңге.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру басталды
Жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар медициналық сақтандыру қорына жарна аударуға міндеттеледі:
– жұмыс берушілер үшін – жалақы қорының 2%-ы;
– жұмысшылар үшін – еңбекақының 1%-ы;
– жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жеке практикамен айналысатын тұлғалар – 1,4 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%-ы;
– азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен жұмыс істейтіндер – табысының 1%-ы;
өздігінен төлеушілер – 1 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%-ы.
Ал, жеңілдікке ие азаматтардың 15 санаты мемлекет жарнаны қорға өзі аударады.
Несие берілмейді
Кірісі күнкөріс деңгейінен төмен қазақстандықтарға кепілсіз несие берілмейді. 2020 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңгеге тең болады. Сонымен қатар, банктерге азаматтардың несие бойынша берешегі 90 күннен асып кеткен жағдайда, комиссия есептеуге тыйым салынды.
Дайындаған Қызғалдақ АЙТЖАН.