Жаңа техникалар табысталды
Ел егемендігінің 30 жылдығы қарсаңында Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті өзінің техникалық базасын толықтырды.
Жаңа техника кілттерін табыстау рәсімі №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында өтті. Төрт автокөліктің кілтін облыс әкімінің орынбасары Вадим Басин тарту етті.
– Техникалық базаны нығайту – біздің өңірдің қауіпсіздігі үшін аса маңызды қадам. Жылда облыстық бюджет есебінен жаңа техникалар тарту етіліп тұрады. Тәуелсіздік тойы қарсаңында да жаңа техникалар табыстауды жөн көрдік. «Апат айтып келмейді». Дегенмен, кез келген дүниеге сақадай сай отыру ке рекпіз. Осы ретте көліктердің атқарар рөлі зор деп есептеймін, – дейді Вадим Басин.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов: «жаңа техникалар құтқару бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігін арттырады. Құтқарушылар күштері алдағы уақытта да төтенше жағдайлардан болатын шығындар мен залалдың алдын алуға және оны барынша азайтуға бағытталатын болады» деп, облыс басшылығына алғысын жеткізді. Сонымен қатар, бірнеше қызметкерге «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл», «Халық алғысы» медалі, Төтенше жағдайлар Министрінің Алғыс хаты және грамоталары табысталды. Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты.
Қасымхан ҒАЛЫМ.