Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс әкімдігінде білім беру саласының кеңейтілген кеңесі өтті
Қарағанды облысында болашақ дәрігерлер мен мұғалімдерді мектеп жасынан бастап дайындайды. Медициналық және педагогикалық сыныптар өңірдің 30 инновациялық мектебінде жұмыс істейді. Бұл тәжірибе әрі қарай да таратылмақ.
Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген кеңесте білім беру саласындағы міндеттер талқыланды.
Оқушыларды ерте кәсіптік бағдарлау “Медицинаға қадам” және “Педагогикалық сынып” жобалары аясында мүмкін болып отыр. Оның қатысушылары бейінді колледждермен және жоғары оқу орындарымен ынтымақтасады.
– Дуальді оқыту аясында өткен оқу жылында 9 және 11 сыныптардың 178 түлегі арнайы даярлықтан өтті. Оның 130-ы білім гранттарын алды, – деді Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.
Ал колледждерде еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтар оқытылады. Биыл қосымша 8 мамандық пен 9 біліктілік ашылды. Мысалы, Шахтинск технологиялық колледжінде өнеркәсіпшілердің тапсырысы бойынша “Полимер бұйымдарын дайындау технологиясы” мамандығы пайда болды.
Бүгінде облыстың 54 колледжінің 42-сінде дуальді оқыту енгізілді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл жүйені дамытуды тапсырды.
– Сондай-ақ студенттерді жастар кәсіпкерлігіне көбірек тарту қажет. Колледж базасында көбірек бизнес-инкубаторлар ашу қажет. “Мамандығым – болашағым” жобасы аясында кадрлармен қамтамасыз ету бойынша өңірлік стандартты әзірлеуді аяқтаңыздар, – деп атап өтті өңір басшысы.
Жастар мен педагогтарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дәрістер мен семинарлар арқылы тәрбиелеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары ұсынды. Олар бірлескен жұмысты ұйымдастыру бойынша ұсыныстар жасады.
Кеңес соңында 1 қыркүйектен бастап ауылдық мектептерде еңбек жолын бастайтын жас мамандар марапатталды. Ал үздік педагогтарға алғыс хаттар табысталды.