Жаңа мешіт бой көтерді

Жуырда Нұра ауданына қарасты Байтуған ауылында жаңа мешіт бой көтерді. Жергілікті халықтың бастамасымен тұрғызылған құлшылық үйіне қажетті қаражатты ауыл халқы жинап, құрылысын да өздері жүргізді. Ғимаратқа бір мезгілде 100 адам сияды.

Мешіттің ашылу салтанатына облыстың бас имамы Естай Айтуғанұлы арнайы келіп, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізді. Сондай-ақ, мешіт құрылысына атсалысқан жергілікті тұрғындарға, мешіт имамы Хусман Разах ақсақалға алғыс айтып, мешітке сыйлық тарту етті.

Қазіргідей қымбатшылықта құрылыс жүргізудің оңай емес екені белгілі. Дегенмен, ауыл тұрғындарының өтінішіне құлақ асқан Нұрдәулет Елеусізұлы, Айтбай Зейнікенұлы, Жанайдар Болатұлы сияқты ел ағалары ақылдаса келе құрылысты бастауға бел буған. Аға ұрпақ өкілдерін Мақсат Сұлтанұлы, Жасұлан Тұяқұлы, Азамат Нұрдәулетұлы тәрізді жастар қолдап, игілікті іс-шараның басы-қасында жүрген. Құрылысқа Астана қаласы маңындағы Қосшы елді мекенінде тұратын жанашыр жан Қанат қажы Қуанышұлы қомақты қаржы аударған. Мешіттің ашылу салтанатында осы азаматтармен қатар басқа да тұрғындардың есімі аталып, ерекше құрметке ие болды.

Салтанатты шарада сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Төлеген Хамзеұлы жиналған жұртшылыққа аудан басшылығының сәлемін, ақжарма алғысын жеткізсе, ауыл ақсақалы Зейнолла Әлиакпарұлы барша қауымға ақ батасын берді.

Жаңа мешітте Жұма намазын оқыған жамағат еліміздің амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады. Сондай-ақ, бұл күні жиналған көпшілік арнайы жайылған дастарханнан дәм татып, өнерпаздар әзірлеген ән мен жыр шашуына қол соқты.

Дулат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ.

Нұра ауданы

Оrtalyq.kz