Руханият

Жаңа маусымға тың дайындықпен

Өткен жылдың соңында К.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрының ұжымы спектакльдерге қатысуға сыйлық сертификаттарын сатылымға енгізді. Ал, театр әкімшілігі Алматыдағы «Креативті индустрия» апталығына қатысты. 2023 жылға арналған жоспар да жоқ емес.

Күзде, 92 театр маусымы қарсаңында театр репертуары жаңа комедиялармен толысқан. Ақпан айында Денис Цветковтың сахналауымен «Боинг-Боинг» спектаклінің премьерасы болады деп күтілуде. Жанры – комедия, сюжеті үш стюардессамен кездесетін ер адам маңайында өрбиді.

– 2022 жылды жақсы аяқтадық. Театр пандемиядан кейін бір сілкініп алды. Театрдың кірісі де қуантады. Театр – экономикалық тұрғыдан тиімді сала, сондықтан, ол да ақша табуы керек. Жаңажылдық қойылымдар ертегі көрсетілімдерімен сәтті өтті. Бір ұққанымыз жас көрермендер үшін пьесалар аз жазылуда. Бұл театрдың кінәсі емес, – дейді театр директоры Дунай Еспаев.

Алғашқы қысқы премьера «Боинг-Боинг» болса, Микаил Микаилов пен Мұстафа Мұстафаевтың «Ханума» қойылымы, ресейлік драматург Николай Коляданың «Баба Шанель», сондай-ақ «Тарелкиннің өлімі» қойылады. Қарағандыға тағы да «Макбетпен» жұмыс істеген Константин Мишин келмек. Бұл жолы ол Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасын» сахналайды. Т.Жүргенов атындағы академия профессоры Тілектес Мейрамовтың заманауи сахналауында Ғабит Мүсіреповтің «Махаббат туралы поэма» атты жаңа спектаклі қойылатынын атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button