Жаңа әлеуметтік нысандар салынады
Елімізде алдағы жылдары мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы бірсыпыра жаңа әлеуметтік нысандар ашу жоспарланып отыр. Премьер-министр Әлихан Смайылов Әлеуметтік саладағы МЖӘ-ні дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Ortalyq.kz egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Аталған құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жеке инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қабылданды. Кешенді жоспарда жобаларды сметалық құнының 30%-ы көлемінде мемлекет тарапынан қоса қаржыландыру көзделген. Қалған 70%-ын жеке серіктес тартуы керек.
Жоспарда жоғары білім, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, спорт және білім беру салалары бойынша жалпы 43 нысан қамтылған. Құрылыстан кейін жеке серіктестер 10 жыл бойы техникалық қызмет көрсетуді басқарып, қамтамасыз етеді. Ал нысандар пайдалануға берілгеннен кейін мемлекет меншігіне өтеді.
Мәселен, 7,9 мың орынға арналған студенттік 9 жатақхана салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында жаңа жатақханалар ашылмақ. Атап айтқанда, 2023 жылы 10,4 мың орындық 43 жатақхананы іске қосу жоспарланған. Жалпы, барлық қаржы көздері есебінен 2028 жылға дейін 55,5 мың орын пайдалануға берілетін болады.
Сонымен қатар жаңа 3 емхана мен 3 оңалту орталығын ашу көзделіп отыр. Бұл азаматтарды медициналық және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Спорт саласында жаңа 8 спорт залын іске қосу жоспарланған. Білім беру жүйесінде 5 оқу-сауықтыру орталығын, 5 оқушылар сарайын және 10 өнер мектебін салу бойынша жобалар іске асырылады. Барлық бағыт бойынша жаңа объектілердің жалпы құны 261 млрд теңгеден асады.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.