Жаңа көштің керуенбасы
М.Әуезов атындағы қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №14 кітапханасының филиалы ««Латын әліпбиі – келешектің кілті» атты ақпарат сағатын өткізді. Іс-шараға әр түрлі жастағы бір топ оқырмандар мен «Ретро» оқырмандар клубы қатысты.
Іс-шара барысында латын әліпбиінің тарихы туралы айтылып, оқырмандар өздерінің аттарын латын әріптерімен жазды. Сонымен қатар, латын тіліне арналған видеоролик көрсетілді. Мерекелік іс-шара соңында оқырмандар кітапханашыға өз сұрақтарын қойып, латын тілі туралы өз пікірлерін айтты.
Бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады. Мұндай пікірлердің орын алуы өте заңды. Соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалыптастырады. Алайда, анық бір мәселе бар. Ол – қазақ тілі бүгін бе, ертең бе міндетті түрде латын әліпбиіне көшеді. Оны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзі анық айтты. Яғни, бір сұрақтың басы айқындалды. Президенттің «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында тілге тиек етіліп және биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшу туралы идеяға қайта тоқталып, осы идеяны жүзеге асыруға қатысты нақты жоспарларды айтады. Латын әліпбиіне көшу – біздің ортақ міндетіміз! Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу – процесті ретке келтіреді, жүйелі етеді, жаһандық коммуникация құралдары неғұрлым ыңғайлы және қолжетімді болады. Тек, ықыласымыз, ниетіміз оң болсын. Бұл болашақ үшін, келер ұрпақтың жаңа тағдыры үшін қажет. Латын әліпбиі – қазақ елін жаңа көшке бастар керуенбасы.
З.ҚАЛИЕВА,
Қарағанды қаласының орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінің
№14 кітапханасы филиалының меңгерушісі.